Жаңалықтар

26.07.2023

Ресейде өнеркәсіптік тауарларды мемлекеттік сатып алу саласындағы кедергілер жойылды

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 25 шілдедегі отырысында Ресей Федерациясының Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығының қызметі аясында өнеркәсіптік тауарларды мемлекеттік (муниципалды) сатып алуды жүзеге асыру кезінде ЕАЭО елдерінің жеткізушілеріне қосымша талаптар қоюға байланысты тосқауыл белгілері бар кедергілерді жою туралы мәселе қарастырылды.

Бұған дейін Комиссия Ресейдің ЕАЭО құқығын орындауына мониторинг жүргізіп, Одақтың ішкі нарығында тосқауыл белгілері бар кедергілердің болуы туралы қорытынды дайындаған болатын. Атап айтқанда, тауарды тапсырыс берушіге жеткізу кезінде жеткізуші тауардың шығарылған елін растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс, соның негізінде тауар туралы мәліметтер еуразиялық тізілімге енгізіледі.

Кедергіні саралау туралы мәселе өткен жылдың соңында ЕЭК Алқасының отырысында қарастырылған болатын және ресейлік тарап осы кедергіні тізілімге енгізгенге дейін Одақ құқығының анықталған сәйкессіздіктерін жоюға дайын екенін білдірді.

ЕЭК Ішкі нарықтар, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрі Варос Симонян хабарлағандай, ресей тарапы өз міндеттемелерін орындады және Ресей Федерациясы Үкіметінің №889 қаулысын қабылдады, қаулыда мемлекеттік сатып алуға қатысушыларға тауардың шығарылған елін растайтын құжаттарды ұсыну талабы қарастырылмаған (2023 жылғы 1 маусымнан бастап күшіне енді).

Осылайша, мемлекеттік (муниципалды) сатып алулар мақсатында тауарлардың жекелеген түрлерінің шыққан елін анықтау ережелеріне сәйкес келмейтін қосымша талаптар жойылды.

«Біз Ресей Федерациясының ЕАЭО-да мемлекеттік сатып алулар саласында ұлттық режимді қамтамасыз етудегі күш-жігерін құптаймыз», - деп атап өтті Варос Симонян.