Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу жөніндегі министрі Валентин Татарицкий 10-11 қазанда Санкт-Петербургте "Ресей стандарттау апталығы" V халықаралық технологиялық форумы шеңберінде "Ұлттық даму мақсаттарына қол жеткізудегі стандарттау" атты ең басты жалпы сессияға қатысты.
Форумға қатысушылар халықаралық, өңірлік және ұлттық стандарттауды дамытудың іргелі мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, күн тәртібіне стандарттау жүйесін цифрлық трансформациялау, цифрлық техникалық реттеу, құрылыста және климаттық күн тәртібін іске асыру шеңберінде жасыл стандарттарды ендіру мәселелері, балалар тауарлары индустриясын дамытудың түйінді мәселелері, азық-түлік қауіпсіздігі, сондай-ақ құрылыс саласындағы стандарттау мәселелері енгізілді.
Валентин Татарицкий: "Стандарттар – бұл Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай және міндетті орындауға жатқызылған техникалық регламенттері үшін біздің дәлелдемелік базамыз. Бұл ретте тосқауылсыз орта құру үшін тиісті халықаралық стандарттар негізінде әзірленген МемСТ-тарды стандарттар тізбесіне қосу басымдықты болып табылады", – деп атап көрсетті.
Министр Одақ өмір сүрген он жыл ішінде техникалық реттеу саласында өнімге қойылатын бірыңғай міндетті талаптарды белгілеу және оларды стандарттармен қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыс жүргізілгеніне назар аударды. Бүгінгі таңда Комиссия алаңында стандарттау саласында өте өзекті міндеттерді шешуге мүмкіндік беретін үйлестірілген саясат жүргізілуде.
Валентин Татарицкийдің сөзінше, стандарттарды (көбіне-көп мемлекетаралық) әзірлеу және өзектілендіру тиімділігін үнемі арттырып отыру қажет. Бұл үшін Одақта техникалық регламенттерге орайлас стандарттар тізбесін қалыптастыру рәсімдері жетілдірілді. 2023 жылы Одақ шеңберінде Стандарттау жөніндегі жұмыстарды үйлестіру тәртібі қабылданды, ол ұлттық стандарттау органдарының тиімді өзара іс-қимылын жолға қоюға көмектеседі. Одақ құқығына өнімге қойылатын талаптардың өзектілігін мерзімді бағалау рәсімі ендірілді. Үстіміздегі жылы Техникалық регламенттердің ғылыми-техникалық деңгейін және оларға орайлас стандарттар тізбесін міндетті кезеңдік бағалауды жүргізу тәртібі күшіне енді. 2030 жылға дейін 29 техникалық регламент пен оларды қамтамасыз ететін стандарттардың ҒТД-ын бағалау жоспарланған.
Валентин Татарицкий "ЕАЭО шеңберіндегі цифрлық техникалық реттеу" жобасын іске асырудың өзектілігін былай деп айқындап көрсетті: "Цифрлық техникалық реттеу – цифрлық Еуразиялық кеңістіктегі ең ауқымды жоба. Құрылатын цифрлық платформа бізге, біріншіден, қағаз ортадан шығуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді – техникалық регламенттер бірден цифрлық платформада әзірленетін болады, екіншіден, цифрлық платформа – бизнес пен өнеркәсіп үшін сөзсіз артықшылық, өйткені ол техникалық регламенттерді әзірлеу кезінде өзара іс-қимылды айтарлықтай оңайлатады, үшіншіден, өнімге қойылатын барлық міндетті одақтық талап цифрлық түрде болады, бұл жобалау процесі мен өндіріске осындай талаптарды іздеу, бірдейлендіру, жүктеу үшін өте ыңғайлы".
ЕЭК министрі жобаны одан әрі дамыту сәйкестікті бағалау процесін цифрландыруға, қадағалау қызметін автоматтандыруға қарай біртіндеп қадам басуға көмектеседі және тұтастай алғанда осы цифрлық платформаға қосымша одақтық сервистерді қосуға мүмкіндік береді деп атап көрсетті.
Техникалық реттеу және аккредиттеу департаментінің директоры Талғат Момышев пен Департамент директорының орынбасары Максим Ким форумның "Цифрлық техникалық реттеу – Еуразиялық интеграцияның негізі", "Ұлттық стандарттау жүйесінің цифрлық трансформациясы – дамудың негізгі шешімдері мен бағыттары", "Стандарттау және құрылыс материалдары үшін мемлекеттік бақылау мен қадағалауды қалпына келтіру" және "Электртехникасы мен электроника мысалында технологиялық көшбасшылыққа қол жеткізудегі стандарттаудың рөлі" сессияларының жұмысына қатысты.
Форумды Дүниежүзілік стандарттар күні қарсаңында Федералдық техникалық реттеу және метрология жөніндегі агенттік ("Росстандарт") ұйымдастырды.
Форум жұмысына ЕАЭО елдерінің мемлекеттік билік органдарының, стандарттау жөніндегі халықаралық және шетелдік ұйымдардың, ірі ғылыми-зерттеу және білім беру орталықтарының, өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшылары мен өкілдері қатысты.