Өнеркәсіпті дамыту және нарықты қорғау үшін Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай техникалық реттеу жүйесінің рөлінің маңызды екенін Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу жөніндегі министрі Виктор Назаренко «Ресей – Беларусь посткеңестік кеңістіктегі өнеркәсіптік процестерді интеграциялаудың өзегі ретінде» атты бизнес-диалогтың пленарлық отырысында атап өтті. Отырыс 29 қарашада Санкт-Петербургте «Ресейлік өнеркәсіпші – 2023» көрме-форумы аясында өтті.
Виктор Назаренко өз сөзінде ТМД мемлекетаралық стандарттарын (МЕМСТ) – Одақтың техникалық регламенттеріне байланысты нормаларды немесе талаптарды қолдану мәселелеріне ерекше назар аударды. Ол МЕМСТ қорының ескіргені, мемлекетаралық стандарттардың талаптарын заманауи ғылыми-техникалық деңгейде қолдау қажеттілігі, өнімнің жекелеген түрлері бойынша, әсіресе машина жасаудағы стандарттарды халықаралық талаптармен үйлестіру деңгейін арттыру мәселесі туралы айтты.
«Заманауи стандарттар базасын құруда бизнестің рөлі айқындаушы болып табылады. Әрбір инновациялық және кооперациялық жоба өлшеу және сынақ мүмкіндіктерін стандарттау және дамыту бағдарламасымен сүйемелденуі тиіс», – деп атап өтті ЕЭК министрі.
Сонымен қатар Одақтың бірыңғай нарығын қауіпті өнімдерден қорғау және осы нарыққа отандық және шетелдік өнімдерге қол жеткізудің тең жағдайларын қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Комиссия одақтас елдердің бизнесі мен өнеркәсібін ЕАЭО-ның техникалық реттеу саласындағы құқығын жетілдіру және Одақтың бірыңғай техникалық регламенттерін іске асыру үшін стандарттардың қазіргі заманғы базасын жасау жөніндегі жұмысқа белсенді қатысуға шақырады. Бұл, Виктор Назаренконың айтуы бойынша, еуразиялық «бестіктің» өзекті қажеттіліктерін анықтауға және ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында өнеркәсіптік кооперация мен өзара сауданы дамыту үшін оларды іске асыру бойынша тиімді шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.