Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі 2022 жылғы 25 қарашада қабылдаған шоколадқа, шоколад өнімдеріне және какао өнімдеріне қойылатын талаптар бойынша «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентіне енгізілген өзгертулер ағымдағы жылы 25 шілдеде күшіне енді.
Жаңа міндетті талаптарға сәйкес Еуразиялық экономикалық одақта айналымға шығарылатын шоколадта какаоның жалпы құрғақ қалдығының 35% және одан да көп, оның ішінде какао майы 18% немесе одан да көп болуы тиіс.
Шоколад өндірісінде сүт майынан басқа жануарлардың майларын пайдалануға рұқсат етілмейді. Бірақ какао майының баламаларын және (немесе) SOS типті какао майын жақсартқыштарды қолдануға рұқсат етіледі, олардың шоколадтағы жалпы массалық үлесі 5%-дан аспауы керек.
Шоколад және какао өнімдерін өндіру үшін шоколадтың немесе какао өнімдерінің дәмін және (немесе) хош иісін тудыратын хош иістендіргіш пайдалануға жол берілмейді. Сүтті, қосымша сүтті, ақ шоколадты өндіру үшін сүттің немесе кілегейдің, сүт майының дәмін және (немесе) хош иісіне ұқсас хош иістендіргішті пайдалануға жол берілмейді.
Салмасы бар шоколадтың салмасы 25% және одан да көп болуға тиіс, ол шоколадтың сыртқы бөлігінен ажыраталатындай болуы тиіс. Бұл ретте салмасы бар шоколадқа шоколад салынған нан-тоқаш (оның ішінде май) бұйымдары, шоколад жағылған ұннан жасалған кондитерлік өнімдер мен балмұздақ кірмейді.
Белгіленген талаптар Алиментариус Кодексінің халықаралық стандарттарымен үйлестірілген.
Аталған өзгерістерді (өтпелі ережелерді) қолданысқа енгізу тәртібі туралы Комиссия Алқасының 2023 жылғы 14 наурыздағы № 30 шешіміне сәйкес олар күшіне енген күннен бастап 24 ай ішінде «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техрегламентінде бұрын белгіленген міндетті талаптарға сай осындай тамақ өнімдерін Одақта өндіруге және айналымға шығаруға болады.
Бұл өнімді өндіруші белгілеген жарамдылық мерзімі ішінде айналымға шығаруға болады.