Жаңалықтар

26.11.2024

Одақтың ойыншықтарға арналған техникалық регламентіне енгізілетін өзгерістер күшіне енді

Осы жылғы 26 қарашада Еуразиялық экономикалық одақтың "Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентіне (КО ТР 008/2011) Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2024 жылғы 14 мамырдағы № 50 шешімімен қабылданған өзгерістер күшіне енді.

Өзгерістер техникалық регламенттің қолданылу саласын нақтылайды. Атап айтқанда, ойыншықтарға жатпайтын өнім түрлері нақты белгіленген. Бұл, мысалы, кәдесый өнімдері, компьютерлік ойындар, өсімдік өсіру жиынтығы және басқа бірқатар тауар.

Сондай-ақ, техникалық регламент оны қолдану кезінде қажеттілігі туындаған ұғымдармен толықтырылған. Олардың арасында "үйде пайдалануға арналған батут (батут)", "белсенді демалыс ойыншығы", "ойыншықтың коммерциялық атауы", "ұшатын ойыншық", "сылдырмақ", "электрмеханикалық ойыншық" және басқалар бар.

Химиялық заттектерді және химиялық тәжірибелерге арналған жиынтықтарға жатпайтын ойыншықтарды қамтитын химиялық ойыншықтар мен ойын жиынтықтарындағы химиялық заттардың немесе реактивтердің құрамына қойылатын талаптар белгіленген. Ойыншықтардың гигиеналық қауіпсіздігіне қойылатын талаптар, қауіп туралы алдын ала ескертетін ақпаратқа қойылатын талаптар және аса қауіпті ойыншықтарды қауіпсіз пайдалану үшін қабылданатын шаралар түзетілді.

ЕЭК Алқасының 2024 жылғы 6 тамыздағы № 91 шешімімен жаңа талаптарға кезең-кезеңмен көшуді көздейтін өзгерістерді қолданысқа енгізу тәртібі белгіленді.

Мәселен, 2024 жылғы 26 қарашаға дейін берілген ойыншықтарға арналған сертификаттар олардың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін жарамды.

Бұл ретте, мұндай сертификаттар болған кезде ойыншықтарды өндіруге және ЕАЭО нарығына айналысқа шығаруға олардың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін, ал ЕАЭО нарығындағы айналысқа – ойыншықтардың қызмет ету мерзімі немесе жарамдылық мерзімі ішінде жол беріледі.