Նորություններ

10.12.2021 (Обновлено: 06.04.2022 11:52)

ЕАЭО мен Иран еркін сауда аймағын құру жұмысын жалғастырады

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес ЕАЭО мен Иран арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін Уақытша келісімге хаттаманы мақұлдады. Құжат 2020 жылдың желтоқсанында ЖЕЭК шешімі бойынша келіссөздер басталған еркін сауда туралы тұрақты келісімге көшу кезіндегі преференциялық режимнің үздіксіздігін қамтамасыз етуге арналған.
Ағымдағы жыл ішінде ирандық әріптестермен бірқатар консультациялар болып өтті, ал қарашада келіссөздердің бірінші раунды өткізілді. Бірақ тараптардың жаңа келісім бойынша Fast Track режимінде жұмыс істеуге дайындығына қарамастан, қорытынды құжатты келісуге біршама уақыт кетеді, ал Уақытша келісімнің қолданылу мерзімі 2022 жылғы қазанда бітеді.

«Осыған байланысты Уақытша келісімге хаттамамен оның қолданылуын үш жылға немесе еркін сауда туралы толық форматты келісім күшіне енгенге дейін – қайсысының ерте болуына қарай ұзарту көзделді»,- деп түсіндіріп өтті ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.

ЕАЭО мемлекеттері мен Иран қажетті мемлекетішілік рәсімдерді аяқтағаннан кейін Одақ атынан хаттамаға ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович қол қояды.


Анықтама:

2018 жылғы 17 мамырда жасасылған Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін Уақытша келісім 2019 жылғы 27 қазаннан бастап қолданылады.