Նորություններ

17.09.2021 (Обновлено: 08.02.2022 09:35)

ЕЭК пен Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығы ШЫҰ-ның мерекелік саммиті шеңберінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

17 қыркүйекте Душанбеде Шанхай ынтымақтастық ұйымы мемлекеттері басшыларының саммиті шеңберінде Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович пен Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Владимир Норов ЕЭК пен Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Құжат қаржы, сауда саясаты және сауда рәсімдерін оңайлату мәселелері, көлік, цифрландыру және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шаралар, кеден саясаты, энергетика, өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік ынтымақтастық сияқты және басқа салаларға айқындап көңіл аудара отырып, экономикалық өзара іс-қимылды дамытуды көздейді.

Михаил Мясникович атап өткендей, ЕАЭО-ШЫҰ форматында ынтымақтастықты дамыту Одақтың барлық мемлекетінің стратегиялық мүдделеріне сай келеді. Бұл үлесіне әлемдік ЖІӨ-нің 30%-дан астамы (38,5 трлн АҚШ долл.), әлемдік сауданың 16%-дан астамы (5,5 трлн АҚШ долл.), әлем халқының 41%-дан астамы (3 млрд астам адам) тура келетін ШЫҰ-ға қатысушы елдердің рөлін, маңыздылығы мен экономикасының даму қарқынын ескере келгенде, айрықша маңызды. Бұдан басқа, ШЫҰ-ға қызығушылық Үлкен Еуразиялық әріптестік идеясын іске асыру тұрғысында да арта түсуде.

«ШЫҰ Еуразиядағы мемлекетаралық өзара іс-қимыл мен өңірлік интеграцияның маңызды құрауыштық архитектурасы болып табылады. ЕАЭО-ға және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Еуразия континентінің өзегін құрайды, ал олардың өзара қатынасы көп жағдайда өңірдің одан әрі даму векторларын айқындайды»,- деп атап көрсетті ЕЭК Алқасының Төрағасы.

ЕЭК Алқасының Төрағасы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің ұйымның 20 жылдығына арналған кеңейтілген отырысына қатысты. Саммит 16-17 қыркүйекте Душанбеде Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның төрағалығымен өтті.

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөйлеген сөзі барысында қол қойылған меморандумды айрықша атап өтті. 

«Бұл ШЫҰ, Еуразэо, АСЕАН елдерінің және Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасының қатысуымен Ресейдің Үлкен Еуразиялық әріптестік құру идеясын іске асыру арнасында келе жатқаны сөзсіз. Еуразияда дамыған әртүрлі интеграциялық процестердің ұштасуы және осынау ортақ кеңістігі зор өңірде ашық, тең құқықты және өзара пайдалы ынтымақтастықты қалыптастыру біздің барлық елдеріміздің мүдделеріне сай келетініне сенімдімін»,- деп мәлімдеді мемлекет басшысы.

Саммитте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерден Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин, Пәкстан Премьер-министрі Имран Хан, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди болды. Бұдан басқа, Кеңес отырысына байқаушы мемлекеттер делегацияларының басшылары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Отырыста Беларусь Президенті Александр Лукашенко сөз сөйледі.

Отырыс қорытындысы бойынша ұйым құрамын кеңейту жөнінде шешімдер қабылданды: Иран Ислам Республикасын ШЫҰ-ның толық құқылы мүше мемлекеті ретінде қабылдау рәсімі іске қосылады және Мысырға, Катарға және Сауд Арабиясына диалог бойынша әріптес мәртебесі беріледі, Душанбе декларациясына, сондай-ақ COVID-19 пандемиясының теріс салдарын еңсеру жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды.

 

Анықтама:

ЕАЭО-ның ШЫҰ-ның ЕАЭО-ға кірмейтін елдерімен тауар айналымы 2016 жылғы 93,8 млрд АҚШ долларынан 2019 жылғы 158,8 млрд АҚШ долл.дейін дәйекті артты.2020 жылы объективті себептерге байланысты ол 8,3 млрд АҚШ долл. қысқарды, алайда 2021 жылдың қаңтар-маусымында 2020 жылдың қаңтар-маусымымен салыстырғанда 23% артып, 86,6 млрд АҚШ долл.құрады.

 

ШЫҰ құру туралы декларацияға 2001 жылғы маусымда Шанхайда Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан қол қойды. Бүгінгі таңда сегіз ел: Үндістан Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Пәкстан Ислам Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы ШЫҰ мүшесі болып табылады. Төрт ел: Ауғанстан Ислам Республикасы, Беларусь Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Моңғолия Республикасы ШЫҰ жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесіне ие. Алты ел: Әзербайжан Республикасы, Армения Республикасы, Камбоджа Корольдігі, Непал Федеративтік Демократиялық Республикасы, Түрік Республикасы, Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасы диалог бойынша әріптес болып табылады.