Նորություններ

30.11.2021

ЕАЭО-ға дамудың өзіндік жасыл күн тәртібі және көміртекті реттеу жүйесі қажет

Еуразиялық экономикалық комиссияның Макроэкономикалық саясат департаменті «Жасыл экономиканың қағидаттарын, шараларын және механизмдерін әзірлеу мен ендірудің халықаралық тәжірибесі және Еуразиялық экономикалық одақтағы тұжырымдамалық тәсілдемелер туралы» талдамалы баяндама жариялады.
Баяндаманы оқу

Баяндама 2025-Стратегиясында көзделген Одақ елдерімен бірлесіп 2023 жылы ЕАЭО-да жасыл экономика қағидаттарын ендіру жөніндегі тұжырымдама жобасын дайындаудың аралық кезеңі болып табылады. Баяндама жасыл экономиканың сан алуан салаларын дамыту жөніндегі халықаралық тәжірибе мен практиканы талдауды, сондай-ақ ЕАЭО үшін оның қағидаттарын әзірлеу мен талқылауға қатысты тұжырымдамалық тәсілдемелерді кірістіреді.

«ЕАЭО-ның жасыл трансформациясы парникті газдардың шығарындыларының төмен деңгейімен, табиғат пайдаланудың ғылыми негізделген жүйесімен, сондай-ақ жаңа экологиялық және өнеркәсіптік технологияларды ендірумен сипатталатын жаңа технологиялық және әлемдік шаруашылық салтына көшудің, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің экономикаларының төмен көміртекті және орнықты даму траекториясына шығуының құралы ретінде қаралады», — деп атап өтілген баяндамада.

Комиссия талдаушыларының пікірінше, Одақ елдері қатысушылары болып табылатын қолданыстағы халықаралық климаттық келісімдерді ескере отырып, ЕАЭО-ға өзіндік климаттық күн тәртібін және көміртекті реттеу жүйесін құру қажет.

Баяндамада айтылғандай, Одақтың халықаралық климаттық күн тәртібінің негізінде жасыл және бейімделген жобаларға жатқызу критерийлерін қоса, ұлттық көміртек қағидаларын өзара тану, сондай-ақ көміртек ізі мен көміртек бірліктерін есептеу мен бағалаудың әдіснамасы және әдістемесі жатуға тиіс.

Үйлесімді регуляторикамен қамтамасыз етілген өзара тану «толассыз» Еуразиялық және халықаралық инвестициялық-климаттық жобаларды іске асыруға, реттеушілік жүктемедегі әралуандықпен уәжделетін ЕАЭО ішіндегі саудада климаттық тосқауылдарды енгізуден аулақ болуға, сондай-ақ ЕАЭО экспортына үшінші елдердің нарықтарындағы климаттық реттеудің ықтимал трансшекаралық шараларының теріс әсерін азайтуға мүмкіндік береді.


Комиссия талдаушылары атап көрсеткендей, ЕАЭО-дағы экологиялық және көміртекті реттеудің жалпы жүйесі мемлекет үшін де, бизнес үшін де қосымша артықшылықтар жасайды.


Атап айтқанда, ластаушы және көміртек шығарындыларына байланысты экологиялық қорларға аударылатын қаражат есебінен мемлекетте климаттық жобаларды іске асыруға жіберілуі мүмкін қосымша қаржы ресурстары, ал кәсіпорындарда — шығарындыларды азайтуға деген пәрменді фискалдық-экономикалық ынталандырма пайда болады.