Նորություններ

30.11.2021 (Обновлено: 31.03.2022 17:01)

ЕАЭО-да Денсаулық сақтау және COVID-19-ға қарсы санитариялық-эпидемиологиялық саламаттық саласындағы іс-шаралардың кешенді жоспары іске асырылуда

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 29 қарашадағы отырысында ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі министрі Виктор Назаренко Денсаулық сақтау және COVID-19-ға қарсы санитариялық-эпидемиологиялық саламаттық саласындағы іс-шаралардың кешенді жоспары қалай іске асырылып жатқанын айтып берді. Бүгінгі таңда ЕАЭО елдері COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуына байланысты эпидемиологиялық жағдаят және эпидемияға қарсы жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы өзара ақпарат алмасуды қамтамасыз етті.

COVID-19 бойынша зерттеулерді қоса, жұқпалы ауруларға қатысты вакциналар мен диагностикалық тест-жүйелерді әзірлеу мақсатында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Өзекті және белгісіз (жаңа) жұқпалы аурулардың жайылуына дереу ден қою шараларын атқарып шығу мақсатында бейінді ұйымдар мамандарының бірлескен жаттығуларын өткізу жүзеге асырылуда.

Осы жоспарды іске асыру шеңберінде ЕЭК Алқасының «жасыл дәліздер» маршруттары бойынша жүк автокөлік құралдарының қозғалысы кезіндегі, теміржол жолаушылар қатынасын қайта бастаған және азаматтық авиациядағы авиажолаушылар тасымалы кезіндегі профилактикалық шараларды жүргізуді қамтамасыз ету жөніндегі ұсынымдары қабылданды. Жұқпалы аурулардың жайылуына дереу ден қою алгоритмін келісуді регламенттейтін және COVID-19 коронавирус инфекциясының зертханалық диагностикасы бойынша ұсынымдар әзірленді.

Одақ елдерінде кешенді жоспардың іс-шараларын іске асыру COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуын бұдан да тиімді бақылауға және ЕАЭО аумағында жаңа жұқпалы аурулар пайда болған кезде жауап шараларын қабылдау үшін денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін арттыруға ықпал ететін болады.


Анықтама:

2020 жылы Еуразиялық үкіметаралық кеңестің өкімімен қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға, эпидемиологиялық қадағалаудың дайындығын қамтамасыз ету саласындағы әлеуетті өсіре түсуге және диагностиканың тиімді құралдары мен COVID-19-ға қарсы вакциналарды әзірлеуге бағытталған Қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді іс-шаралардың кешенді жоспары бекітілді.