Еңбек көші-қоны

1. "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің жұмыскері" ұғымы нені білдіреді?

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің жұмыскері" – бұл Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің азаматы болып табылатын, бірақ азаматтығы жоқ және тұрақты тұрмайтын басқа мүше мемлекеттің аумағында заңды түрде тұратын әрі заңды түрде еңбек қызметін жүзеге асыратын адам.

"2. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтарына мүше мемлекеттердің шекарасын кесіп өткен кезде миграциялық картаны толтыру қажет пе?

Иә, бірақ шетелдік паспорт бойынша келген жағдайда және олардың болу мерзімі 30 тәуліктен аспайтын жағдайда азаматтар көші-қон картасын толтыру міндетінен босатылады.

3. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің көші-қон органдарында қандай жағдайда тіркелу (көші-қон есебіне тұру) қажет?

Мүше мемлекеттің азаматтары басқа мүше мемлекеттің аумағында келген күннен бастап 30 тәуліктен артық болған жағдайда, егер мұндай міндет кіру мемлекетінің заңнамасында белгіленген болса, бұл азаматтар кіру мемлекетінің заңнамасына сәйкес тіркелуге (көші-қон есебіне тұруға) міндетті.

4. Ресей Федерациясында уақытша болу мерзімін ұзарту кезінде жұмыскерлерге елден шығып қайта кіру қажет пе?

Қолданыстағы еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарт болған жағдайда талап етілмейді.

Ресей Федерациясы Үкіметінің "Ресей Федерациясында шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдарды көші-қон есебіне қою тәртібі туралы" 2007 жылғы 15 қаңтардағы № 9 қаулысының 32-тармағына сәйкес Ресей Федерациясында уақытша тұратын шетелдік азаматты тұрғылықты жері бойынша есепке қою оның келгені туралы хабарламада көрсетілген мерзімге жүргізіледі, бірақ бұл мерзім Ресей Федерациясының "Ресей Федерациясындағы шетелдік азаматтардың құқықтық жағдайы туралы" Федералдық заңында немесе Ресей Федерациясының халықаралық шарттарында белгіленген уақытша тұру мерзімінен аспауға тиіс екені белгіленген.

2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 97-бабының 5-тармағына сәйкес мүше мемлекеттің жұмыскері мен оның отбасы мүшелерінің жұмыс істейтін мемлекет аумағында уақытша болу (тұру) мерзімі жұмыскердің жұмыс берушімен немесе жұмысқа (қызмет) тапсырыс берушімен жасасқан еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарттың қолданылу мерзімімен айқындалады.

Жұмысқа орналасқан мемлекет аумағына кірген күннен бастап 90 тәулік өткеннен кейін еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарт мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда, мүше мемлекеттің жұмыскері жұмысқа орналасқан мемлекет аумағынан шықпай-ақ 15 күн ішінде жаңа еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарт жасасуға құқылы (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 97-бабының 5-тармағы).

5. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің жұмыскерлеріне жұмыс істеу үшін рұқсат алу қажет пе?

Мүше мемлекеттің жұмыскер-азаматтарына еңбек шарты негізінде немесе жұмыстарды (қызметтерді) орындау қызметін жүзеге асыру үшін рұқсат алу талап етілмейді.

Мүше мемлекеттердің жұмыскер-азаматтарының еңбек қызметі рұқсат құжаттарын алмай, еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарт негізінде жүзеге асырылады.

Еңбек қызметін тек еңбек шарты бойынша ғана емес, сондай-ақ азаматтық-құқықтық шарт негізінде жүзеге асыру мүмкіндігі мүше мемлекеттердің азаматтарының жұмысқа орналасу аясын едәуір кеңейтеді.

6. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің жұмыскерлеріне Ресей Федерациясы аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін патент алу қажет пе?

Жоқ.

7. Жұмыскер жұмыс берушіден қандай құжаттарды ала алады?

Жұмыскер (оның ішінде бұрынғысы да) кәсібі (мамандығы, біліктілігі мен лауазымы), жұмыс істеген кезеңі және жалақы мөлшері көрсетілген анықтаманы (анықтаманың куәландырылған көшірмесін) жұмысқа орналасқан мемлекеттің заңнамасында белгіленген мерзімдерде тегін алуға құқылы.

8. Жұмыскерлердің тапқан ақшалай қаражаттарын кедергісіз аудару құқығы бар ма?

Иә, бар.

Алайда шот ашпай-ақ ақша аудару қызметін көрсететін компаниялар ақша аударуға қатысты өздерінің шектеулерін белгілеуі мүмкін (ақша аударымы жіберілетін елде де, қабылданатын елде де) екенін есте ұстаған жөн. Әдетте мұндай шектеулер айына 100-ден 150 мың рубльге дейінгі мөлшерде (немесе басқа валютадағы баламасы) белгіленеді.

9.1 ЕАЭО елдерінің азаматтарына дактилоскопиялық тіркеуден (саусақ іздерін тапсыру), суретке түсуден және медициналық тексеруден өту қажет пе?

2021 жылғы 29 желтоқсаннан бастап Ресейге жұмысқа орналасу мақсатында келетін барлық шетелдік азаматтар дактилоскопиялық тіркеуден, суретке түсуден және медициналық тексеруден өтуге міндетті.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары Ресей Федерациясында 30 тәуліктен артық уақытша тұрған жағдайда бір рет дактилоскопиялық тіркеуден, суретке түсуден және медициналық куәландырудан өтуге міндетті.

9.2 Бұл рәсімдерден қаншалықты жиі өту қажет, құжаттардың қолданылу мерзімі қандай?

Дактилоскопиялық тіркеу мен суретке түсіру ішкі істер органдары тарапынан бір рет жүргізіледі. Бұл ретте Ресейге кіру/шығу санына қарамастан мемлекеттік баж алынбайды.

Медициналық тексеруден өткені туралы құжаттардың қолданылу мерзімі 1 жылды құрайды. Бір жылдан кейін ол қайтадан және алдыңғы медициналық комиссия аяқталғаннан кейін бір ай ішінде өтуі керек.

9.3 Бұл құжаттарды қайдан алуға болады?

Міндетті мемлекеттік дактилоскопиялық тіркеу және суретке түсіру рәсімін Ресей ІІМ аумақтық органдарының көші-қон мәселелері жөніндегі бөлімшелері, сондай-ақ Ресей Федерациясы Ішкі Істер министрлігінің "Паспорттық-визалық сервис" федералды мемлекеттік унитарлық кәсіпорнының ведомстволық бағынысты кәсіпорны, сондай-ақ Мәскеу қаласының "Көпфункционалды көші-қон орталығы" (Сахарово) негізгі бюджеттік мекемесі жүзеге асырады.

Ресей субъектілері медициналық тексеруді жүргізе алатын медициналық ұйымдарды өз бетінше белгілейді.

9.4 Бұл рәсімдерден кімдерге өту қажет емес?

Аталған рәсімдерден өту міндетінен босатылғандар:

– 90 күнтізбелік күннен аз мерзімге келген шетелдік азаматтар;

– Беларусь Республикасының азаматтары (1998 жылғы 25 желтоқсандағы Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы арасындағы "Азаматтардың тең құқықтары туралы" шарт);

– алты жасқа толмаған шетел азаматтары;

– халықаралық ұйымдардың лауазымды тұлғалары;

– Ресей Федерациясындағы шетел мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелерінің әкімшілік-техникалық персоналының басшылары мен мүшелері;

Бұдан бөлек, өзара ықпалдастық қағидаты негізінде келесі шетелдік азаматтар аталған рәсімдерден босатылады:

– дипломатиялық және қызметтік паспорт иелері;

– шетел мемлекеттерінің сауда өкілдіктерінің және мемлекеттік билік органдарының өзге өкілдіктерінің қызметкерлері;

– жоғарыда аталған тұлғалардың отбасы мүшелері.

10. Жұмыс істеп бастау үшін кіру мақсатын қалай өзгертуге болады?

Ресейде 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтың ЕАЭО елдерінен келу мақсаты, егер ол еңбек немесе азаматтық-еңбек шартын жасаса және оның жұмыс берушісі ІІМ-ге шетелдік азаматпен еңбек шартын жасасу туралы тиісті хабарлама берсе, автоматты түрде өзгереді.

("Ресей Федерациясындағы шетелдік азаматтардың құқықтық жағдайы туралы" №115-ФЗ Федералдық заңының 13-бабының 8.3-тармағына сәйкес).

11. Көші-қон есебіне онлайн түрде тұруға бола ма?

"Мемлекеттік қызметтер" порталы арқылы көші-қон есебіне онлайн түрде тұруға болады.

Осы үшін қабылдаушы тарап "шетелдік азаматтарды көші-қон есебіне қою" мемлекеттік қызметін пайдалануы қажет.

Қызмет көрсету мерзімі – 1 жұмыс күні.

Мәскеу қаласы мысалында көші-қон есебіне қою бойынша қадамдық нұсқаулықпен сілтеме арқылы танысуға болады.

Көші-қон есебіне қою туралы хабарламаны шетелдік азаматтың өзі емес, қабылдаушы тарап беретінін есте ұстаған жөн.

Шетелдік азаматқа немесе азаматтығы жоқ адамға нақты тұру үшін тұрғын үй немесе өзге де үй-жай берген тұлға қабылдаушы тарап болып табылады. Атап айтқанда, Ресей азаматы, сондай-ақ Ресей Федерациясында тұрақты тұратын шетелдік азамат немесе азаматтығы жоқ адам немесе тұрғын үйге иелік ететін шетелдік азамат қабылдаушы тарап бола алады ("Ресей Федерациясында шетелдік азаматтарды және азаматтығы жоқ тұлғаларды көші-қон есебіне қою туралы" 2006 жылғы 18 шілдедегі № 109-ФЗ Федералдық заңның 2-бабы 1-бөлігінің 7-тармағына сәйкес).

12. ЕАЭО елдерінің азаматтары Ресейде өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде жұмыс істей ала ма?

Иә, Ресей Федерациясының "Кәсіби табыс салығы" арнайы салық режимін енгізу жөніндегі экспериментті жүргізу туралы" Федералдық заңына сәйкес жұмыс істей алады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мәртебесі — бұл заңсыз кәсіпкерлік қызметі үшін жауапкершілікке тарту тәуекелінсіз заңды түрде табыс алу.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде тіркелу Ресей Федерациясында заңды болу мерзімін жұмыскер мен жұмысқа (қызмет) тапсырыс беруші арасында жасалған азаматтық-құқықтық шарттың қолданылу мерзіміне дейін ұзартуға негіз болып табылады. Бұл 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шарттың 97-бабы 5-тармағының нормасына сәйкес жүзеге асырылады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтушы болу үшін салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі (СТСН) және Салық төлеушінің жеке кабинетінде есептік жазба болуы жеткілікті. "Менің салығым" мобильдік қосымшасын жүктеу және жеке кабинеттің логин-паролінің көмегімен сонда тіркелу қажет. Өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға арналған кабинеттің веб-версиясы да бар.

СТН болмаған жағдайда, оны бес жұмыс күні ішінде азаматтармен жұмыс істейтін кез келген салық инспекциясынан алуға болады. Бұл үшін өтініш және паспорт қажет. СТН алғаннан кейін сол жерден жеке кабинеттің логин-паролін де алуға болады. Бүл 15 минут қана уақытты алады.

Сондай-ақ уәкілетті банктерге хабарласу арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде тіркелуге болады. Уәкілетті банктердің тізімі Ресейдің ФНҚ сайтында жарияланған.

Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мынадай мөлшерде салық төлейді:

- жеке тұлғаларға көрсетілетін қызметтер/ жұмыстарды орындау кезінде 4%;

- заңды тұлғаларға немесе жеке кәсіпкерлерге көрсетілетін қызметтер/ жұмыстарды орындау кезінде 6%.

Бұл мәселе бойынша толық ақпаратты Ресейдің ФНҚ веб-сайтынан сілтеме арқылы алуға болады.