«Құс етінің және оның өңделген өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» ЕАЭО техникалық регламентінің талаптары бойынша Еуразиялық экономикалық одақ нарығына қатысушылар үшін бөлінген өтпелі кезең аяқталады.
Еске сала өтсек, техникалық регламент 2023 жылғы 1 қаңтарда күшіне енді. ЕЭК Алқасының шешімі бойынша оған қатысты 2024 жылғы 30 маусымға дейін өтпелі кезең көзделген еді.
Техникалық регламент ауыл шаруашылығы құсының сою өнімдеріне және құс етінен жасалған өнімдерге қолданылады және оларға қатысты бірыңғай терминологияны, сәйкестендіру қағидаларын, қауіпсіздік талаптарын, өндіру, сақтау, тасымалдау, өткізу, кәдеге жарату және таңбалау мен сәйкестікті бағалау процестеріне қойылатын талаптарды белгілейді.
ЕАЭО шеңберінде құс еті мен оны қайта өңдеу өнімдерінің еркін айналысы үшін кедергілерді жою мақсатында техникалық регламентте, соның ішінде құс етінің қайта өңделмеген өніміне су мен тағамдық қоспаларды сіңіруге тыйым салу; құс етін жібіту кезінде бөлінетін ылғалдың массалық үлесінің нормативі; балаларды тамақтандыру үшін құс етінен жасалған өнімді өндіру кезінде фосфаттарды, дәмді және хош иісті күшейткіштерді, бензой, сорбин қышқылдары мен олардың тұздарын, ГМО және пестицидтері бар шикізатты пайдалануға тыйым салу; таңбалауда көрсетілгендерден тағамдық құндылық көрсеткіштерінің (ақуыз, май, көмірсулар, қоректілік) нақтылы мәндерінің жол берілетін ауытқулары; механикалық жолмен сүйектен ажыратылған құс етін өндіруге және пайдалануға қойылатын талаптар және т. б. көзделген.
"Техникалық регламентте шикізаттың айрықшалықтары мен құс өңдеу саласының өзіндік ерекшеліктерін ескеретін кәсіпкерлік қызметті жүргізу жағдайларына оң әсер ететін қазіргі заманғы талаптар көзделген. Олар тұтынушылардың мүдделерін қорғауға және мүше мемлекеттерде құс еті мен оны қайта өңдеу өнімдерін өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Өтпелі кезең бизнес-қоғамдастыққа оларды іске асыруға біртіндеп және ауыртпалықсыз көшуге мүмкіндік берді", – деп атап көрсетті ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі министрі Валентин Татарицкий.2024 жылғы 1 шілдеден бастап техрегламент күшіне енгенге дейін берілген немесе қабылданған құс еті мен оның қайта өңделген өнімдерінің бұрын қолданыста болған міндетті талаптарға сәйкестігін бағалау туралы барлық құжаттың қолданылуы аяқталады. Көрсетілген күннен бастап аталған өнімді ескі құжаттар бойынша өндіруге және айналысқа шығаруға жол берілмейді. Бұл ретте оның айналысы белгіленген жарамдылық мерзімі ішінде мүмкін болады.