Жаңалықтар

05.03.2025

Арзыбек Кожошев ЕАЭО-дағы "ақылды" көлік жүйелерін дамыту жөніндегі жұмыс жайында айтты

Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошев Ташкентте өтіп жатқан "Ақылды" көлік жүйелері және цифрлық экономиканың инфрақұрылымы" атты II халықаралық ғылыми-практикалық конференция жұмысына бейне конференция режімінде қатысты. Іс-шараның басты тақырыптары — көлік-логистика кешенінің цифрлық ауысуының халықаралық тәжірибесін зерделеу, сондай-ақ "ақылды" көлік жүйелерінің халықаралық сауданы дамытуға қосқан үлесі болды.

"Автоматтандыру құралдары цифрлық экономиканың қалыптасуының арқасында барған сайын қолжетімді бола түсуде, тауарлардың көлік қозғалысының іс жүзіндегі толық дерлік ашықтығына қол жеткізуге мүмкіндік береді, дұрыс болжауды арттырады және жүк тасымалының тәуекелін азайтады, сондай-ақ халықаралық сауданы ынталандыра отырып, көлік-логистика шығындарын азайтады", — деп атап өтті Арзыбек Кожошев.

ЕЭК министрі Комиссияның ЕАЭО шеңберінде "ақылды" көлік жүйелерін дамыту мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады. Сондай-ақ, ол көлік инфрақұрылымына жаңа технологияларды ендіру процесін жандандыруға бағытталған Интеллектуалды көлік жүйелерінің өзара іс-қимылын жетілдіру тұжырымдамасы туралы айтты.

"Біз даму үстіндеміз және жаңа технологияларды ескере отырып, ЕАЭО-ның интеллектуалды көлік жүйелерін, цифрлық инфрақұрылымды ендіру жөніндегі тәжірибесі де жетілдірілуде", — деді ЕЭК министрі.