Жаңалықтар

30.10.2024

Арзыбек Кожошев: «Кедергілер санын азайта отырып, біз ЕАЭО-ның бірыңғай көлік кеңістігін құруға қарай ілгерілеп келеміз"

Бішкекте өткен "KyrgyzTransLogistic 2024" халықаралық мамандандырылған көрмесі шеңберіндегі пленарлық пікірсайысқа қатысушылар Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді жою механизмдерін, сондай-ақ халықаралық тасымалдаушылардың проблемалық мәселелерінің ЕАЭО-ның даму перспективаларына әсерін талқылады.

Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошев өз сөзінде "іргелі өзгерістер, жаңа сауда нарықтарын құру және көлік дәліздерін трансформациялау жағдайында тасымалдардың жіксіздігі және Үлкен Еуразияның тұрақты көлік-логистика тиянағын құру мәселелері ерекше маңызға ие болып отыр" деп еске салып өтті.

ЕЭК министрі ынтымақтастықтың тиімділігін бағалаудың түйінді аспектісі Одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді анықтау және жою жөніндегі жұмыс болып табылатынын атап көрсетті.

Қазір көлік саласында ЕАЭО-дағы жұмыс бес шектеу және бір алып қою бойынша жүргізілуде. Олар, соның ішінде, жол берілетін шекті массалардың, өстік жүктемелердің және көлік құралдары габаритінің сәйкессіздігіне; ірі көлемді және ауыр салмақты көлік құралдарының қозғалысына арнайы рұқсаттарды ресімдеу тәртібіндегі айырмашылықтарға; авиациялық көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік реттеу тәсілдемелеріндегі айырмашылықтарға; мүше мемлекеттердің туы астында кемелердің ішкі су жолдары бойынша жүзуге өзара қол жеткізу механизмінің болмауына қатысты.

"Көліктің жүру жолындағы кедергілердің санын азайта отырып, біз бірыңғай көлік кеңістігін құруға және ЕАЭО-да көлік қызметтерін көрсетудің ортақ нарығын қалыптастыруға қарай қарышты ілгерілеп келеміз", – деп қорытындылады Арзыбек Кожошев.