Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошев Беларусь Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, ЕЭК Кеңесінің мүшесі Игорь Петришенкомен Еуразиялық экономикалық одақтағы энергия көзі нарықтарына және көлікке байланысты жобаларды талқылады. Кездесу 17 қарашада Минскіде өтті.
Арзыбек Кожошев өзі жетекшілік ететін бағыттар бойынша жұмыс туралы хабардар етті және ЕАЭО елдерінің көлік саясатының негізгі бағыттарын іске асыру бойынша жол картасы жобасын дайындау барысы туралы деректерді ұсынды. Бұл құжат 2024-2026 жылдарға арналған іс-шараларға кірістірілетін болады. Сондай-ақ, инфрақұрылымдық даму мәселелері, атап айтқанда Одақ елдерінің көлік саласында басым интеграциялық инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру механизмін құру жайы сөз болды.
Тараптар ЕАЭО-ның ортақ электр энергиясы нарығын қалыптастыру жобасы бойынша елеулі ілгерілеу бар екенін атап өтті. Мәселен, бұдан бұрын Еуразиялық үкіметаралық кеңестің шешімдерімен Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығының жұмыс істеуі қағидаларының үш жобасы бекітілді. Бұлар - электр энергиясын (қуатын) мемлекетаралық беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерге қол жеткізу қағидалары, электр энергиясының өзара саудасы қағидалары және мемлекетаралық қималардың өткізу қабілетін айқындау және бөлу қағидалары. Бұдан басқа, мерзімді келісімшарттар бойынша және тәулік алғы электр энергиясының орталықтандырылған саудасын ұйымдастыру тапсырылған сауда алаңдары анықталды.
"Кейбір қиындықтарға қарамастан, ЕЭК-тің үйлестірушілік рөлімен және Энергетика министрлігінің белсенді жәрдемдесуімен барлық тарапты жайластыра алатын нұсқаны табуға мүмкіндік туды. Қол қойылған құжаттар ортақ электр энергетикасы нарығын одан әрі қалыптастыруға қызмет етеді", – деп атап өтті Игорь Петришенко.
ЕЭК министрі энергия ресурстарының ортақ нарықтарын реттейтін актілерді дайындаудың жоспарлы мерзімдерін орындау қажеттігін атап көрсетті.
"Еуразиялық экономикалық одақта әзірленіп жатқан ортақ энергетикалық нарықтар бойынша актілердің жоғары дайындық дәрежесін атап өтуге болады. Дегенмен, күш-жігерді энергетикалық нарықтарды қалыптастырудың келісілмеген мәселелері бойынша түпкілікті шешімдер қабылдауға жұмылдырған маңызды", – деп санайды Арзыбек Кожошев.