Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты министрі Бақыт Сұлтанов 10-11 маусымда Женевада өткен Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) Этикалық жалдау саясатын ілгерілету жөніндегі жаһандық желінің II халықаралық кездесуіне қатысты.
Сапар аясында ЕЭК министрі ХКҰ Бас директоры Эми Поуппен кездесті. Тараптар бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі жоспарды, атап айтқанда, этикалық жалдау саясатын ілгерілету жөніндегі ХКҰ-ның жаһандық желісіне Комиссияның қатысуын, сондай-ақ біліктіліктердің салыстырмалылығына негізделген жұмысшылардың кәсіби дағдыларын тану саласындағы шешімдерді әзірлеуде ХКҰ-ның тәжірибесін пайдалану мәселесін талқылады.
Бақыт Сұлтанов атап өткендей, «Комиссияның негізгі міндеттерінің бірі – бірыңғай еңбек ресурстары нарығын дамыту және ЕАЭО-да жұмысқа орналасудың қолайлылығын одан әрі арттыру».
Сапар аясында министр Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Денсаулық сақтау және көші-қон жөніндегі жаһандық бағдарламасының директоры Сантино Северонимен де кездесті.
Бақыт Сұлтанов Комиссия мен ДДҰ ынтымақтастығының жоғары деңгейін атап өтті: «ЕЭК ЕАЭО мемлекеттерімен бірлесіп, 2025-Стратегиясында көзделген бірқатар құжаттарды дайындады, оларды әзірлеу кезінде ДДҰ ұсынымдары мен материалдары ескерілді. Бұл жұмыстың нәтижелері ЕАЭО елдерінің мемлекеттік органдарының қызметінде қолданылып келеді және ұлттық стратегиялық құжаттарды дайындау кезінде пайдаланылады».
Тараптар ЕЭК-тің ДДҰ-ның әртүрлі бөлімшелерімен және өңірлік бюроларымен байланыс орнатуға, екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге және еуразиялық «бестік» елдерінің денсаулық сақтау министрлерінің қатысуымен бірлескен іс-шаралар өткізуге жәрдемдесу туралы уағдаласты.
Этикалық жалдау саясатын ілгерілету жөніндегі ХКҰ ғаламдық желісін Халықаралық көші-қон ұйымының бас директоры және Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Швецияның елшісі Женевада 2020 жылдың 3 желтоқсанында құрған болатын. Желінің алғашқы отырысы 2021 жылғы 4 мамырда өтті.
ЕЭК ХКҰ-мен 2013 жылғы сәуірде қол қойылған Меморандум негізінде өзара іс-қимыл жасайды, оның аясында көші-қон ахуалына және ЕАЭО мемлекеттерінің аумағында көші-қон заңнамасын қолдану практикасына мониторинг, көші-қонды басқарудың халықаралық тәжірибесін зерделеу және т.б. жүзеге асырылады. 2016 жылдың қыркүйек айында Комиссия ХКҰ кеңесінде бақылаушы мәртебесін алды.