Жаңалықтар

12.03.2024

Бақытжан Сағынтаев пен Садыр Жапаров ЕАЭО шеңберіндегі интеграциялық өзара іс-қимылдың перспективаларын талқылады

12 наурызда Бішкектегі келіссөз барысында Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Бақытжан Сағынтаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров Еуразиялық экономикалық одақты дамытудың өзекті мәселелерін қарастырды.

Атап айтқанда, тараптар ЕАЭО-ның халықаралық күн тәртібі мәселелеріне, сондай-ақ орташа мерзімді және ұзақ мерзімді перспективаға арналған интеграциялық өзара іс-қимылдың түйінді бағыттарына айрықша назар аударды.

Бақытжан Сағынтаев Комиссия қызметінің ЕАЭО-ға қатысушы елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, өнеркәсіптік кооперацияны күшейтуді, өзара саудадағы тосқауылдарды барынша жоюды, экономикалық процестерді кең ауқымды цифрландыруды қамтитын негізгі міндеттері туралы хабардар етті.

Тараптар сондай-ақ ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің көлік саласындағы өзара іс-қимылын талқылады.

Атап айтқанда, "Шығыс-Батыс" және "Солтүстік-Оңтүстік" бағыттарындағы көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жоспарлардың басым маңызы бар екендігі атап өтілді. Бұл Еуразиялық экономикалық одақтың логистикалық әлеуетін Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен ұштастыруға қосымша серпім береді. Бұдан басқа, аталған процесс цифрлық көлік дәліздерінің экожүйесін ендіру арқылы жүк тасымалын арттыруға мүмкіндік береді.

Бақытжан Сағынтаев пен Садыр Жапаров сондай-ақ Комиссия мен мүше мемлекеттердің 2030 жылға дейін ЕАЭО-дағы экономикалық процестерді одан әрі дамыту туралы декларацияда және 2045 жылға дейінгі "Еуразиялық экономикалық жол" шеңберінде белгіленген болашақтағы бірлескен жұмысының бағыттарын қарастырды.