Жаңалықтар

12.02.2024

Бақытжан Сағынтаев Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинянмен келіссөздер жүргізді

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев 12 ақпанда Ереванда Армения Республикасының Премьер-министрі, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің төрағасы Никол Пашинянмен келіссөздер жүргізді.

Кездесу барысында 2024 жылы Арменияның ЕАЭО органдарына төрағалық етуіне байланысты Никол Пашинянның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшыларына жасаған Жолдауында белгіленген міндеттер талқыланды.

Бақытжан Сағынтаев Армения Республикасының Премьер-министріне Арменияның төрағалық ету басымдықтарын іске асыру бойынша Еуразиялық экономикалық комиссияның іс-қимыл жоспары туралы айтып берді.

Жоспар жобасы Комиссияның құрылымдық бөлімшелерінің ұсыныстары негізінде әзірленді және Армения Премьер-министрінің Жолдауында баяндалған 16 міндетті іске асыруды көздейді. Оларды орындау үшін 2024-2026 жылдары іске асыру мерзімімен, сондай-ақ тұрақты негізде 57 тармақ жасалынды.

Атап айтқанда, Комиссия мүше мемлекеттермен бірлесіп ЕАЭО аясында Экономикалық процестерді одан әрі дамыту туралы 2030 жылға дейінгі және 2045 жылға дейінгі кезеңге арналған «Еуразиялық экономикалық жол» декларациясын іске асыру жөніндегі жол картасының жобасын әзірлеп, оны ЕЭК Кеңесіне бекітуге ұсынуды жоспарлап отыр.

ЕАЭО энергоқауіпсіздігінің негізгі тәсілдері мен қағидаттары, сондай-ақ бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу көзделген.

Іс-шаралар жоспарының жобасына енгізілген іс-шаралардың ішінде – мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы өнімімен және азық-түлікпен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізу, ЕАЭО мемлекеттерімен бірлесе отырып, тосқауыл белгілері бар кедергілер мен тосқауылдарды толық жою жөніндегі Комиссияның жүйелі жұмысын жалғастыру бар.

Бақытжан Сағынтаев Ереванда Армения Республикасының Президенті Ваагн Хачатурянмен және Армения Республикасының Вице-премьер-министрі, ЕЭК Кеңесінің төрағасы Мгер Григорянмен кездесті.