Жаңалықтар

05 маусымның 2025 Бақытжан Сағынтаев Қытайдың Ресейдегі Елшісі Чжан Ханьхуэймен келіссөздер жүргізді Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Бақытжан Сағынтаев 5 маусымда ЕЭК штаб-пәтерінде Қытай Халық Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Ханьхуэймен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесу барысында Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен ҚХР-дың Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім шеңберіндегі өзара іс-қимылының перспективалары талқыланды. "Қытай Халық Республикасы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің қарымды сыртқы экономикалық әріптестерінің бірі болып табылады. Біздің қарым-қатынасымыз өзара құрмет, ашықтық және стратегиялық өзара іс-қимыл қағидаттарына негізделген", — деп атап көрсетті ЕЭК Алқасының басшысы. 2019 жылы Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім күшіне енген сәттен бастап ЕАЭО мен Қытай арасындағы тауар айналымы 2024 жылға қарай екі еседен астам ұлғайып, 280 млрд долларға жетті. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар экономиканың бірқатар басым саласы бойынша алда да өзара іс-қимылды тереңдетуге бейілділігін растады. ЕЭК Алқасының Төрағасы ҚХР-дың мемлекеттік билік органдары мен бизнес өкілдерін 2025 жылғы 26-27 маусымда Минскіде өтетін Еуразиялық экономикалық форумның жұмысына қатысуға шақырды. Өз кезегінде Чжан Ханьхуэй Бақытжан Сағынтаевты Бейжіңге Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс парадына шақырды. Бір жағынан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші жағынан Қытай Халық Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге Астанада 2018 жылы қол қойылды.
05 маусымның 2025 ЕЭК ЕАЭО елдерінің өнеркәсіптік ынтымақтастығын кеңейту перспективаларын Еуразиялық металлургиялық құзырет орталығын құрудан көріп отыр Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіптік саясат департаментінің директоры Николай Кушнарев И.П. Бардин атындағы Орталық қара металл ғылыми-зерттеу институты басшылығымен Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінде металлургия саласындағы кооперациялық ынтымақтастықты дамытуды талқылады. Әңгімелесушілер қара металлургияны технологиялық дамыту саласындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын, өндірісті игеруді және өнеркәсіптің әртүрлі саласы үшін тозуға төзімді болаттың жаңа түрін қолдануды (ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, автомобиль жасау, теміржол машиналарын жасау, көмірсутек шикізатын, құбырларды, ресурсы көтеріңкі мойынтіректерді тасымалдау), ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекеттермен салалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін қарастырды. "ЕЭК-тің ЕАЭО өнеркәсібіндегі кооперацияны қаржылай қолдау жөніндегі жаңа механизмі жаңа металлургиялық өндірістерді құру және Одақ елдеріндегі қазіргі бар қуаттарды жаңғырту кезінде тиімді пайдаланылуы мүмкін", — деп атап өтті Николай Кушнарев. И.П. Бардин атындағы Орталық қара металл ғылыми-зерттеу институты — металтану, металлургиялық технология және металдар физикасы саласындағы әзірлемелермен айналысатын ғылыми-зерттеу институты.
05 маусымның 2025 ЕЭК пен ЮНСИТРАЛ халықаралық сауда құқығы бойынша диалогты жалғастырды Еуразиялық экономикалық комиссия ЮНСИТРАЛ-мен бірлесіп, халықаралық сауда құқығының өзекті мәселелеріне арналған екінші вебинар өткізді, оған Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің уәкілетті органдарының өкілдері қатысты. ЮНСИТРАЛ сарапшылары бірқатар бағыт бойынша түйінді атқарымдарын ұсынды. Бұлардың арасында дәрменсіздік (банкроттық) туралы заңнама, халықаралық делдалдық пен төрелік, сондай-ақ инвесторлар мен мемлекеттер арасындағы дауларды реттеу жүйесін реформалау бар. ЕЭК Кәсіпкерлік қызметті дамыту департаменті директорының орынбасары Лусине Тумян әлемдік экономиканың қарқынды трансформациясы жағдайында халықаралық сауда құқығы барған сайын маңызды рөл атқаратынын атап өтті. "ЕЭК пен ЮНСИТРАЛ арасындағы диалог өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған, осы саладағы озық халықаралық практикамен танысуға мүмкіндік береді. Біз тәжірибе ауысуда және халықаралық сауда құқығының нормаларын жетілдіру бойынша бірлесіп жұмыс істеуде үлкен құндылықты көріп отырмыз", — деп атап өтті Лусине Тумян. Комиссия өкілі ЕАЭО мемлекеттерінің ЮНСИТРАЛ-мен белсенді диалогының маңыздылығын атап көрсетті, оның пікірінше, бұл елдерге өзекті тенденциялар мен жаһандық бастамалардан хабардар болып қана қоймай, сонымен қатар халықаралық құқықтық стандарттарды қалыптастыруға қатысуға мүмкіндік береді. Болып өткен пікірсайыс қатысушылардың ЮНСИТРАЛ-дың механизмдері мен құралдары туралы білімін кеңейтуіне, ЕАЭО шеңберінде халықаралық сауда құқығын қолдану пратикасын талқылауға мүмкіндік берді. ЮНСИТРАЛ (UNCITRAL) – БҰҰ-ның халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясы. 1966 жылы халықаралық сауда құқығын біріздендіруге және үйлестіруге ықпал ету үшін құрылған. БҰҰ-ның халықаралық сауда құқығы саласындағы негізгі заң органы болып табылады. Осы жылғы 26 мамырда ЕЭК пен ЮНСИТРАЛ-дың алғашқы бірлескен вебинары болып өтті.
04 маусымның 2025 Арзыбек Кожошев: "ЕАЭО мен АСЕАН-ның тиімді өзара іс-қимылы – Еуразиядағы логистиканы дамытудың драйвері" "Трансшекаралық құрлықтық тасымалдарды жүзеге асыру және оларды тиісті реттеу саласындағы тәжірибе ауысу" деп аталатын ЕЭК-АСЕАН кездесуіне қатысушылар ЕАЭО мен АСЕАН-дағы көлік саласындағы интеграцияны дамыту тәжірибесін және оның перспективаларын талқылады. Іс-шара ЕЭК-тің Мәскеудегі штаб-пәтері мен Джакартадағы (Малайзия) АСЕАН Хатшылығы арасындағы телекөпір режімінде болып өтті. ЕЭК Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошев семинарды ашып, ілтифат лебізін білдірді. "ЕАЭО және АСЕАН елдері бірегей географиялық және геоэкономикалық жағдайға, жоғары транзиттік және өнеркәсіптік әлеуетке ие. Оңтүстік Шығыс Азияның белсенді дамып келе жатқан нарықтарын және көлік-логистика жеткізілімдерінің өзгеруін ескере отырып, логистикалық хабтарды құру және көлік дәліздерін, мультимодальды көлікті дамыту үшін күш-жігерді үйлестіру маңызды міндет болып табылады", — деп атап өтті Арзыбек Кожошев. Семинарға қатысушылар интеграциялық бірлестіктердегі көлік саласын реттеудің институционалдық негіздері, интеграциялық процестердің қазіргі заманғы трендтері туралы ақпарат берді, сондай-ақ көлік саласындағы цифрландырудың нәтижелері мен перспективалық бағыттарын, инфрақұрылым мен логистиканы дамытуды талқылады. ЕЭК Көлік және инфрақұрылым департаментінің директоры Рустан Женалинов ЕАЭО-да көлік саласындағы интеграцияны дамыту жөніндегі жұмыс және қол жеткізілген нәтижелер туралы ақпарат бере отырып сөз сөйледі. Сондай-ақ, іс-шарада Біріккен көлік-логистика компаниясы — Еуразиялық теміржол альянсының, Халықаралық автомобиль көлігі одағының, АСЕАН Хатшылығының және АСЕАН елдері Көлік министрліктерінің өкілдері сөз сөйледі.
04 маусымның 2025 Руслан Давыдов бизнеске ЕАЭО-дағы кедендік реттеудің түйінді аспектілері жайында айтып берді Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Руслан Давыдов Ресейдегі Америкалық сауда палатасы мен Тынық мұхит — Еуразиялық іскерлік альянсына мүше компаниялардың өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді. Ол трансшекаралық интернет-сауданы кедендік реттеуді іске асыру перспективалары, Еуразиялық экономикалық одақтың аумағы бойынша тасымалдарды қадағалап отыру үшін навигациялық пломбаларды ендіру, сондай-ақ уәкілетті экономикалық операторлар үшін оңайлатуларды кеңейту жөніндегі жұмыс туралы айтты. Кездесуге қатысушылар ЕАЭО-ның кедендік реттеу саласындағы заңнамасын жақсарту бойынша ұсыныстарды қарады. ЕЭК министрінің сөзінше, бұл пікірсайыс қолайлы бизнес-орта құру және Одақ елдері кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маңызды. Руслан Давыдов кездесуге қатысушыларды Комиссияның Кедендік ынтымақтастық жөніндегі блогы алаңында жұмыс істейтін жұмыс органдарының отырыстарына белсенді қатысуға, сондай-ақ оларды 26-27 маусымда Минскіде өтетін Еуразиялық экономикалық форум шеңберінде кедендік ынтымақтастық жөніндегі блоктың іс-шараларына қатысуға шақырды.
03 маусымның 2025 Динара Мұқаева ЕЭК-тің Монополияға қарсы реттеу департаменті директорының орынбасары болып тағайындалды Динара Бақытқызы Мұқаева 1987 жылы Қазақстанның Алматы облысында туған. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін "Халықаралық құқық" мамандығы бойынша бітірген. 2008-2020 жылдары Қазақстан Республикасының монополияға қарсы органдары жүйесінде әртүрлі лауазымда жұмыс істеді. 2020-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің картельдерге қарсы күрес басқармасын басқарды. 2022-2025 жылдары Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Абай облысы бойынша аумақтық департаментін басқарды. Қазақстан Республикасының "Монополияға қарсы қызметтің үздігі" төсбелгісімен марапатталған. 2025 жылғы 28 мамырдан бастап Еуразиялық экономикалық комиссияның Монополияға қарсы реттеу департаменті директорының орынбасары болып тағайындалды.
02 маусымның 2025 Виталий Вовк: "Станок жасау өнімінің ЕАЭО шеңберіндегі бәсекеге қабілеттілігі мүше мемлекеттер тарапынан қолдауды талап етеді" Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіптік саясат департаменті директорының орынбасарлары Виталий Вовк пен Лаура Садықова "Металл өңдеу-2025" металл өңдеу өнеркәсібіне арналған жабдықтардың, аспаптар мен құралдардың халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысты. Көрменің іс-шаралары және оның алаңында өткен "Инвестициялар. Даму. Кооперация" халықаралық сауда-өнеркәсіп конгресі шеңберінде аса маңызды компоненттер өндірісін өзіндік қуаттарда дамыту қажеттігі атап өтілді. ЕЭК өкілдері Беларусь пен Ресейдің бірқатар станок-аспап өнімдерін өндірушілерімен кездесті. Келіссөздер барысында Виталий Вовк: "Қазір, біріншіден, ЕАЭО елдері үшін аса маңызды жиынтықтауыштар өндірісін жолға қою, екіншіден, ішкі бәсекелестік туғызбау үшін Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің станок жасау кәсіпорындарын мамандандыруды жүргізу аса маңызды", — деп атап көрсетті. Ол сондай-ақ қазіргі кезеңде Еуразиялық станоктар мен жиынтықтауыштардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін тапсырыстарды қамтамасыз ету және дайын өнімді өткізу кепілдіктерін беру бөлігінде Одақ елдерінің елеулі қолдауы қажет екенін атап өтті. Блок өкілдері көрмеге қатысушыларды мүше мемлекеттер кәсіпорындарының кооперациялық тізбектеріне тартуға шақыра отырып, оларға өнеркәсіптік кооперацияны қаржыландыру механизмі туралы айтып берді.
ЕАЭО шырын өндірілетін тропикалық жемістерден жасалған пюреге арналған кедендік әкелу бажын уақытша нөлге түсірді 02 маусымның 2025 ЕАЭО шырын өндірілетін тропикалық жемістерден жасалған пюреге арналған кедендік әкелу бажын уақытша нөлге түсірді Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі банан, манго, киви, нектарин, сондай-ақ шабдалы, өрік және алмұрт жемістерінен жасалған пюреге қатысты кедендік әкелу баждарының уақытша нөлдік ставкаларын белгіледі. "Бұл жемістердің концентрацияланған пюресі шырын өнімін, соның ішінде балалар тағамын өндіру үшін қолданылады. Бірақ олардың көпшілігі Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің аумағында өспейді немесе өнеркәсіптік өңдеу үшін жеткіліксіз мөлшерде өседі. Осыған байланысты бизнес соңғы жылдары бағасы айтарлықтай өскен импорттық өндірістің шикізатын сатып алуда", — деп түсіндірді ЕЭК Кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу департаментінің директоры Ваагн Казарян. Бұл ретте ол шараның қолданылу мерзімі ЕАЭО мемлекеттерінде жеке бау-бақша шаруашылығын дамыту жөніндегі инвестициялық бағдарламаларды ескере отырып есептелгенін және ол пюренің әр түрі үшін бір жылдан үш жылға дейін құрайтынын атап көрсетті. Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді.
Тағы да көрсету