Жаңалықтар

09.04.2024

ЕАЭО мен Мьянма сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуда

Еуразиялық экономикалық комиссия мен Мьянма Одағы Республикасының Үкіметі арасындағы өзара іс-қимыл жөніндегі бірлескен жұмыс тобының бірінші отырысының қатысушылары Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттері мен Мьянма Одағы Республикасы ынтымақтастығының перспективалық бағыттарын талқылады. Іс-шара 9 сәуірде Нейпьидо қаласында ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьевтің және Мьянманың Инвестициялар және сыртқы экономикалық байланыстар министрі Кан Зоның тең төрағалығымен өтті.

Сергей Глазьев ЕАЭО елдері мен Мьянма арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың оң серпінін атап өтіп, Мьянманың Одақтың әрбір елімен диалогын жандандырудың маңыздылығын атап көрсетті.

"Мьянмамен сауда-экономикалық ынтымақтастық жүйесіне әлі толық кірістірілмеген ЕАЭО-ның барлық елінің нарықтарымен жұмыс түйінді бағыт болуға тиіс. Біздің бірлескен жұмысымызға іскер топтарды белсенді түрде тартуымыз керек, осал жерлерді жою үшін жұмыс істеуіміз керек", – деп мәлімдеді Сергей Глазьев.

Өз кезегінде Кан Зо ЕАЭО елдері мен Мьянма арасындағы өңірлік экономикалық ынтымақтастық саласында тәжірибе алмасу қажеттігін атап өтіп, тараптардың 2023 жылғы маусымда қол қойылған Өзара іс-қимыл туралы меморандумды іске асыру жөніндегі жұмысына оң баға берді.

Тараптар өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен, қаржы, көлік және логистика, энергетика, цифрландыру саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын, туризм саласындағы өзара іс-қимылдың экономикалық аспектілерін және іскер топтар желісі бойынша ынтымақтастықты талқылады. Спикерлер ретінде ЕЭК бейінді департаменттерінің және Мьянма ведомстволарының өкілдері, бизнес, соның ішінде ЕАЭО Іскерлік кеңесінің өкілдері сөз сөйледі.

"Біз бизнес саласындағы байланысу есебінен сауда-экономикалық мүмкіндіктерді жақсартамыз деп сенемін. Мьянма географиялық жағынан тиімді жағдайға ие – ол Үндістан мен Қытай сияқты экономикалық қуатты елдермен көршілес, Оңтүстік Шығыс Азия мен Еуразия нарығын байланыстыратын көпір сияқты орналасқан. Біз ЕАЭО елдерінің бизнесіне осы артықшылықтарды пайдалануды да ұсынғымыз келеді", – деп атап өтті Кан Зо.

Кездесуді қорытындылай келе, Сергей Глазьев іскер топтар желісі бойынша тікелей кең ауқымды және тоқтаусыз ынтымақтастықты орнату Мьянманың Одақ мемлекеттерімен сауда-экономикалық өзара іс-қимылын жандандыруға мүмкіндік береді деп атап өтті. ЕЭК министрі Мьянма бизнесі мен ресми адамдарын Петербург халықаралық экономикалық форумы шеңберінде жоспарланып отырған ЕАЭО-АСЕАН бизнес-диалогына қатысуға шақырды.

Бұдан басқа, Сергей Глазьев бизнеске құрылыс, көлік байланыстары саласындағы ынтымақтастықты дамыту, ЕАЭО мемлекеттері мен Мьянманың ұлттық валюталарында есеп айырысу үшін жағдай жасау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бизнестің ұсынысы бойынша осы және басқа да мәселелер ЕЭК пен Мьянма Үкіметінің жұмыс тобы алаңында түйінді мәселелер ретінде қаралатын болады. Сондай-ақ ол бизнестің сауда үйлерін құру туралы идеясын қолдады, бұл тауар жеткізілімін артыруға мүмкіндік береді.

Бірлескен жұмыс тобының отырысы алдында "ЕАЭО – Мьянма" экономикалық семинары өтті, оның барысында Сергей Глазьев ЕАЭО-ны Үлкен Еуразияның экономикалық орталығының бірі ретінде қалыптастыруды ерекшелеп айта отырып, Мьянманың ресми, іскер және сарапшы топтарының алдында Еуразиялық интеграциялық жобаны кеңінен таныстырып сөз сөйледі.

Сергей Глазьев сонымен бірге Мьянма Үкіметінің мүшелерімен: вице-премьерлер – Сыртқы істер министрі Тан Свеймен, Көлік және байланыс министрі Мья Тхун Умен, Жоспарлау және қаржы министрі Вин Шейнмен,сондай-ақ Инвестициялар және сыртқы экономикалық байланыстар министрі Кан Зомен, Ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы және ирригация министрі Мин Наунмен, Қонақ үй істері және туризм министрі Тэ Тэ Кхайнмен жұмыс кездесулерін өткізді. Кездесулер барысында экономикалық күн тәртібінің кең ауқымы бойынша ЕАЭО елдері мен Мьянма арасындағы ынтымақтастықты дамытудың перспективалық бағыттары талқыланды.

Бұдан басқа, ЕЭК делегациясының Мьянма Сауда-өнеркәсіп палаталары одағының төрағасы У Ай Винмен жұмыс кездесуі болып өтті. Әріптестердің ЕАЭО іскерлік кеңесімен және оның мүшелерімен жүйелі өзара іс-қимыл орнатуға, сондай-ақ тұрақты жұмыс байланысын қолдауға деген қызығушылығы атап өтілді.