«Индонезия АСЕАН-дағы аса ірі экономика және халық саны бойынша әлемдегі төртінші ел болып табылады. Бірлескен зерттеу тобының жұмысы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен Индонезия Республикасы арасындағы сауда қатынастарын дамыту үшін елеулі әлеует бар екенін көрсетті. Бұдан басқа, еркін сауда туралы келісім шеңберіндегі тарифтік ырықтандыру уағдаласушы тараптардың экономикалық өсуіне оң ықпал етеді деп болжануда», — деп атап өтті Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.Жүргізілген бағалауға сәйкес еркін сауда режимін белгілеу өзара пайданы барынша арттыра отырып, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп тауарлары саудасының ұлғаюына ықпал ететін болады. Бұл ретте министр ЕАЭО елдері экспортының өсуі үшін модельдеу деректеріне сәйкес астық, ет, балмұздақ, шоколад, алкоголь өнімдері, балық және теңіз өнімдері, минералдық тыңайтқыштар, резеңкеден және пластиктен жасалған бұйымдар, автокөлік құралдары, көмір, қағаз тауарлары және металл бұйымдары ең жоғары әлеуетке ие екенін нақтылады.
Сонда да келіссөздер жүргізу және нарыққа қол жеткізудің оңтайлы жағдайларын айқындау кезінде әрбір мемлекеттің экономикалық дамуының ерекшеліктері назарға алынатын болады.
Анықтама
Статистика деректеріне сәйкес, ЕАЭО-ның Индонезиямен сауда айналымы 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда 41,5%, 3,7 млрд долл.дейін өсті. Бұл ретте экспорт 34,1% қосты, импорт 44,5% артты.
Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Индонезия Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісім жасасудың орындылығы туралы мәселені зерделеу жөніндегі бірлескен зерттеу тобы Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2020 жылғы 11 қыркүйектегі № 19 өкімінің негізінде құрылды.
ЕЭК Хаттама және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету департаментінің Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі