Жаңалықтар

31.08.2022 (Обновлено: 07.09.2022 15:17)

ЕАЭО - Өзбекстан: сауда-экономикалық байланыстарды ұлғайта түсу мақсатындағы ынтымақтастық

ЕЭК пен Өзбекстан Үкіметі арасындағы өзара іс-қимыл жөніндегі бірлескен жұмыс тобының 2-отырысы барысында Еуразиялық экономикалық одақ пен Өзбекстан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылды қарышты дамыту жөніндегі ұсыныстар тұжырымдалды. Іс-шара 30 тамызда ЕЭК штаб-пәтерінде көзбе-көз форматта Комиссияның Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев пен Өзбекстан Республикасы Инвестициялар және сыртқы сауда министрінің орынбасары Бадриддин Абидовтің тең төрағалығымен өтті. Отырысқа ЕЭК-тің, Өзбекстан мен ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің мемлекеттік басқару органдарының, сондай-ақ іскер топтардың өкілдері қатысты.

Сергей Глазьев Өзбекстанның сауда-экономикалық ынтымақтастықтың ауқымы тұрғысынан да, өзара іс-қимылдың сапасы мен тереңдігі тұрғысынан да ЕАЭО-ның жақын әріптесі болып табылатынын атап өтті.

«ЕАЭО жанындағы байқаушы мәртебесі Өзбекстанға беретін мүмкіндіктерді пайдалана келгенде, бірлескен күш-жігердің нәтижелері көп күтуге мәжбүр етпеді - біз сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың барлық көрсеткіші бойынша өсуді тиянақтай аламыз. ЕАЭО мен Өзбекстанның бір-біріне сауда әріптестері ретіндегі маңызды екені үнемі артып келеді және ЕАЭО құрылған сәттен бастап Одақ мемлекеттерінің Өзбекстанмен тауар айналымы екі есе өсті. Өткен жылы ол 11 миллиард доллардан асып түсті»,- деп атап көрсетті Сергей Глазьев.

«Өзбекстан үшін ЕАЭО маңызды сауда әріптесі болып табылады. Өзбекстан басшысының Өзбекстанның ЕАЭО-мен сауда-экономикалық ынтымақтастығын жандандыру жөніндегі бастамаларын іске асыруға және Өзбекстан Үкіметі ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесін пайдалану шеңберінде қойып отырған Өзбекстан мен ЕАЭО арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру жөніндегі міндеттерді шешуге ықпал еткен пікірсайыстың өнімділігі мен мазмұндылығын қанағаттанарлықпен атап өтемін»,- деді өз кезегінде Бадриддин Абидов.
Отырысқа қатысушылар техникалық реттеу нормаларын үндестіруге және саудадағы техникалық тосқауылдарды жоюға орайлас тәсілдемелерді; кедендік реттеу және жүк тасымалдарын қадағалап отыру үшін навигациялық пломбаларды қолдану мәселелерін; өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік кооперация саласындағы бірлескен іс-шараларды іске асыруды; көлік дәліздерін, теміржол жүк тасымалдарын цифрландыру мен тездетуді дамыту жөніндегі шараларды; ЕАЭО мемлекеттерінің бизнес-қоғамдастығы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы іскерлік белсенділікті ынталандыру жөніндегі ұсыныстарды және басқаларды қарады.

ЕЭК Интеграцияны дамыту департаментінің директоры Гоар Барсегян ЕЭК пен Өзбекстан Үкіметінің бірлескен жоспарының жоғары орындалу дәрежесін атап өтті.

«Жоспарда көзделген 108 іс-шараның 70%-ы орындалды. Біздің бірлескен жұмысымыздың нәтижелілігіне эпидемиологиялық шектеулер, қандай да бір басқа факторлар елеулі әсер ете алған жоқ»,- деп атап өтті Гоар Барсегян.

Жұмыс тобының отырысы қарсаңында Комиссия Өзбекстан өкілдері үшін тақырыптық семинарлар өткізіп, бұл семинарларда олар ЕАЭО органдарының өкілеттігі, Одақтағы интеграцияның ағымдағы деңгейі, ЕАЭО мемлекеттерінің арасында өткізілетін және үшінші елдерден Одақ аумағына әкелінетін тауарларды қадағалап отыру механизмі туралы, сондай-ақ ЕЭК құзырына жатқызылған кеден әкімшілігін жүргізу мәселелері жайында ақпарат алды.

Талқылау қорытындысы бойынша жұмыс тобы ЕАЭО мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылды қарышты дамытуды қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар тұжырымдады. Атап айтқанда, салалық консультациялар мен семинарлар, сондай-ақ кедендік ынтымақтастық саласында одан әрі үндестіру; техникалық реттеу; санитариялық, фитосанитариялық және ветеринариялық нормалар мен реттеу жүйелері; бәсекелестік және мемлекеттік сатып алу; Өзбекстанның «Еуразиялық агроэкспресс» жобасына қатысу мәселелері бойынша өзара іс-қимыл; Өзбекстанның ЕАЭО-ның жүк көлік тасымалдарын цифрландыру жобасына қатысу мүмкіндіктерін пысықтау; химия өнеркәсібі, фармацевтика, машина жасау, аспап жасау, электр техникасы салаларындағы, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кооперация саласындағы кооперациялық байланыстарды ынталандыру және жергіліктілендіру бағдарламасын тереңдету мәселелері бойынша бірлескен іс-шаралар өткізуді жалғастыру ұсынылды.

Жұмыс тобы ЕАЭО Іскерлік кеңесі мен Өзбекстан СӨП-ке ынтымақтастықты рәсімилеуді және біріккен бизнес-миссиялар ұйымдастыруға кірісуді ұсынды. Пікірсайыс «ЕАЭО-Өзбекстан» бизнес-форумын өткізу сауда-экономикалық ынтымақтастықтың әлеуетін ашуда маңызды қадам болатынын көрсетті.

Анықтама

2020 жылғы желтоқсанда Өзбекстанға ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесі берілді. 2021 жылғы 30 сәуірде Қазанда ЕЭК пен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Өзара іс-қимыл меморандумына қол қойылды, сондай-ақ ЕЭК пен Өзбекстан Республикасы Үкіметінің 2021-2023 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді. ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясниковичтің 2022 жылғы 12 шілдедегі Ташкентке сапары барысында бұл жоспар өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарымен толықтырылды.

Жұмыс тобы меморандумға сәйкес құрылды.

Өзбекстан ЕАЭО-ның маңызды сыртқы сауда әріптесі болып табылады.ЕЭК деректері бойынша, 2021 жылы ЕАЭО-ның бұл елмен тауар айналымы 22,9% артты және 11,6 млрд АҚШ долл.жетті, соның ішінде экспорт 17,9% (8,5 млрд АҚШ долл.дейін), ал импорт - 39,1% (3,1 млрд АҚШ долл.дейін) өсті.