ЕЭК Интеграцияны дамыту департаментінің директоры Гоар Барсегян мен Мьянманың Инвестициялар және сыртқы экономикалық байланыстар министрі Кан Зо өзара іс-қимылдың перспективалық салаларын және Еуразиялық экономикалық комиссия мен Мьянма Одағы Республикасы Үкіметінің бірлескен жұмыс тобының бірінші отырысын өткізу туралы талқылады. Кездесу 25 қаңтарда ЕЭК-тің штаб-пәтерінде өтті.
Гоар Барсегян Еуразиялық экономикалық одақ пен Мьянма арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың оң динамикасын атап өтіп, 2023 жылы жасалған Өзара іс-қимыл туралы меморандумды іске асыру тауар айналымының одан әрі өсуіне ықпал ететінін атап өтті.
«Қол жеткізілген нәтижелерді жақсартуға ынтымақтастықтың осал жерлерін пысықтау, яғни, Меморандумды іске асыруға тартылған ЕАЭО мен Мьянма елдерінің бейінді ведомстволары арасындағы ақпарат алмасуды арттыру, сонымен қатар сараптамалық және бизнес-топтарды диалогқа кеңінен тарту мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Гоар Барсегян.
Кан Зо сөз кезегінде Мьянманың өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен, қаржы, көлік, туризм, энергетика, цифрландыру сияқты салаларда ЕАЭО-мен де, оның әрбір елімен де екіжақты негізде өзара іс-қимылды белсендіруге мүдделі екендерін айтты.
«Мьянма ЕАЭО елдерінен тұқымдар, тыңайтқыштар, пестицидтер, машина жабдықтары импортын ұлғайтуға, сондай-ақ кофе өнімдерінің экспортын ұлғайтуға дайын. Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың осы және басқа да практикалық мәселелерін бірлескен жұмыс тобының бірінші отырысында талқылауды ұсынамыз», – деп атап өтті министр.
Гоар Барсегян Мьянма өкілдерін еуразиялық интеграциялық тақырып бойынша алда өтетін конгресс-көрме іс-шараларына, Еуразиялық экономикалық форумға, сондай-ақ Петербург халықаралық экономикалық форумы аясындағы «ЕАЭО-АСЕАН» бизнес-диалогына қатысуға шақырды.