Жаңалықтар

18.01.2024

ЕЭК пен Никарагуа Үкіметі өзара қарым-қатынас туралы меморандумға қол қойды

ЕЭК Интеграция және макроэкономика министрі Сергей Глазьев пен Никарагуа өнеркәсіп және сауда министрі Хесус Бермудес Еуразиялық экономикалық комиссия мен Никарагуа Республикасының Үкіметі арасындағы өзара қарым-қатынас туралы меморандумға қол қойды. Қол қою рәсімі 17 қаңтарда Манагуа қаласында өтті.

«Никарагуа мен Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің күн тәртібі бойынша нығыз байланыстары бар және Еуразиялық экономикалық интеграция процестерінің белсенді дамуын және Комиссияның Латын Америкасы мен Кариб бассейні аймағындағы басқа серіктестермен өзара іс-қимылының оң нәтижелерін ескере отырып, біз Никарагуа Үкіметімен тікелей диалогқа шыққанымыздың қисыны бар», — деді Сергей Глазьев.

Құжатта ЕАЭО мен Никарагуа арасындағы ынтымақтастықты дамытудың кедендік және техникалық реттеу, өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, СФС-шаралар, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және басқа да негізгі бағыттары айқындалған. Осы бағыттар бойынша биыл ЕЭК-тің бейінді бөлімшелері және Никарагуа министрліктері мен ведомстволары деңгейінде жұмыс басталды. Бұл Меморандум аясында құрылатын жұмыс тобының бірінші отырысына дейін де тиімді байланыстар орнатуға мүмкіндік береді.

Тараптар өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша тәжірибе және ақпарат алмасу; оның ішінде Одақ пен Никарагуа мемлекеттерінің іскер топтарының өкілдерін қатыстыра отырып кездесулер мен консультациялар өткізу, конференцияларды, бизнес-миссияларды дайындау және ұйымдастыру, сондай-ақ бірлескен талдамалық материалдар мен баяндамалар дайындау арқылы ынтымақтастықты дамытуды жоспарлап отыр.

«Меморандум аясындағы өзара іс-қимыл ЕАЭО мен Никарагуа елдерінің сауда-экономикалық ынтымақтастығына жәрдемдесуге бағытталған, бұл ретте әлеует тауарлар саудасының көлемін ұлғайту есебінен ғана емес, кооперацияны дамыту және бірлескен жобаларды іске асыру есебінен де ашылуы мүмкін», — деп атап өтті ЕЭК министрі.

Құжатқа қол қою алдында Никарагуа Президентінің кеңесшісі Лауреано Ортега мен Никарагуа өнеркәсіп және сауда министрі Хесус Бермудес өз елінің экономикалық әлеуетін, ЕАЭО елдерінің әріптестерімен ынтымақтастықты дамыту перспективаларына баса назар аудара отырып, бизнес жүргізу талаптарын таныстырды. Экспорттық және импорттық жеткізілімдерді ұлғайтуға, сондай-ақ Одақтың барлық елдерімен байланыс географиясын кеңейтуге қызығушылық атап өтілді.

Никарагуалық әріптестер ЕАЭО іскер топтарының Никарагуа аумағындағы еркін даму аймақтары механизмін пайдалану мүмкіндіктері туралы егжей-тегжейлі айтып берді және ЕАЭО серіктестерін Никарагуа Үкіметі белсенді түрде ұсынып отырған бұл механизм іс жүзінде қызықтыратынына сенім білдірді.

Меморандумды іске асырудың практикалық аспектілерін Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Орталық банктің, Қаржы және мемлекеттік кредит министрлігінің, Туризм министрлігінің және Никарагуа Республикасының еркін даму аймақтары жөніндегі ұлттық комиссиясының басшылығымен Сергей Глазьев өткізетін екіжақты кездесулер барысында талқылау жоспарлануда.

Анықтама

ЕАЭО-ның Никарагуамен тауар айналымының динамикасы нәтижелі. 2023 жылдың қаңтар – қазан айлары аралығында ЕАЭО-ның бұл елге жасаған экспорты 14%-ға, ал импорт екі еседен астам өскен. Экспортқа дәрілік заттар, автомобильдер мен олардың бөлшектері, азот тыңайтқыштары, күнбағыс майы, мұнай өнімдері; ал импортқа жержаңғақ, кофе, темекі өнімдері мен шикізат, трикотаж және тоқыма бұйымдары көптеп шығарылған.

2024 жылдың қаңтар айының ортасына қарай ЕЭК ынтымақтастық туралы меморандумдар жасау арқылы Латын Америкасы мен Кариб бассейнінің мемлекеттерімен және интеграциялық бірлестіктерімен өзара іс-қимылдың кең желісін қалыптастырды. Үкімет деңгейінде – Чилимен, Перумен, Кубамен; министрлер деңгейінде – Эквадормен, Аргентинамен; интеграциялық құрылымдар деңгейінде – Анд қоғамдастығымен, Латын Америкасының экономикалық жүйесімен (ЛАЭЖ), Оңтүстік Американың ортақ нарығымен (МЕРКОСУР), Тынық мұхиты альянсымен, Орталық Америкадағы экономикалық интеграция хатшылығымен (СИЕКА).