Жаңалықтар

29.10.2024

ЕЭК пен ШЫҰ агроөнеркәсіптік кешенде өзара іс-қимыл жасайды

Еуразиялық экономикалық комиссия өкілдері Сяньянда (Қытай Халық Республикасы) Шанхай ынтымақтастық ұйымының ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа және жоғары технологиялар жетістіктерінің Янлин көрмесінің ашылуына және қазіргі заманғы ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі дөңгелек үстеліне қатысты.

Комиссия делегациясы ШЫҰ-ның аграрлық технологиялармен алмасу және оқыту жөніндегі демонстрациялық базасының технологияларымен және мүмкіндіктерімен танысты, ҚХР-дың ұлттық бренді және ғылым мен практика жетістіктері негізінде халықаралық алмасулар мен ынтымақтастықтың жаңа модельдерін дамытудың ауқымды платформасы ретінде танылған жоғары технологиялық ауыл шаруашылығының өнеркәсіптік аймағын аралап көрді.

ЕЭК Агроөнеркәсіптік саясат департаменті директорының орынбасары Айна Құсайынова дөңгелек үстелге қатысушыларды Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің агроөнеркәсіптік кешеннің орнықты дамуын қамтамасыз ету жөніндегі ынтымақтастығы туралы хабардар етті.

Ауыл шаруашылығы, жасыл және орнықты ауыл шаруашылығын дамыту саласында пікір, тәжірибе және таңдаулы практика алмасулар болды. Жаңа аграрлық технологиялар мен цифрландыруды ендірудің, өңірлік және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ШЫҰ елдерінің бірлескен күш-жігерін қолданудың маңыздылығы атап өтілді.

ЕЭК өкілдері ШЫҰ бас хатшысының орынбасары Нұрлан Ниязалиевпен және Қазақстан, Қырғызстан және Ресей делегацияларының басшыларымен жұмыс кездесулерін өткізді. ЕЭК пен ШЫҰ-ның ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығының басым бағыттары, сондай-ақ 2025 жылы ЕАЭО елдері мен ШЫҰ-ның азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығын орнықты дамыту жөніндегі бірлескен іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу мәселелері талқыланды.

Іс-шараларға ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің, Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының, БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының және басқа да халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ ҚХР-дың Ауыл шаруашылығы және ауылдық істер министрлігінің, Сыртқы істер министрлігінің және Коммерция министрлігінің өкілдері қатысты.

ЕЭК пен ШЫҰ ынтымақтастығы 2021 жылғы 17 қыркүйектегі Өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде жүзеге асырылады, онда ынтымақтастық бағыттарының бірі болып агроөнеркәсіптік кешен айқындалған.