Жаңалықтар

24.01.2023 (Обновлено: 26.01.2023 14:36)

ЕЭК қуаты 5-тен 50 мың кВт дейінгі газ турбиналарының бөлшектеріне арналған кедендік әкелу бажын нөлге түсірді

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы қуаты 5-тен 50 мың кВт дейінгі газ турбиналарының бөлшектеріне қатысты кедендік әкелу бажының ставкасын уақытша негізде (қоса алғанда 2024 жылғы 31 наурызға дейін) нөлге түсіруге шешім қабылдады. Бүгінгі таңда ЕАЭО БКТ тиісті ставкасы кедендік құннан 5% құрайды. Қарастырылып отырған бөлшектерге корпустың, компрессордың және төмен қысымды турбинаның шығатын диффузорының доңғалақтары, біліктің алдыңғы ұшы, компрессор дискісі, тіректер, үрлеу ауасын салқындататын жылу алмастырғыш, қосалқы жүйелердің редукторы және Италиядан әкелінетін басқа да бөлшектер, АҚШ пен Нидерландтан әкелінетін әртүрлі клапандар, сондай-ақ Германия мен Ұлыбританиядан әкелінетін кейбір басқа бөлшектер жатады.

"Бұл шара Еуразиялық экономикалық одақ аумағында түпкілікті өнім өндірісін дамытуға жәрдемдеседі және соның ішінде табиғи газды магистралдық газ құбырлары арқылы тасымалдау үшін компрессорлық станцияларда пайдаланылатын газ айдау агрегаттарында орнатылатын газ турбиналарын әзірлеуге қатысты болады",- деп атап көрсетті ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.

Оның сөзінше, бұл шешім ЕАЭО мұнай-газ өнеркәсібі кәсіпорындарын жаңа буындағы энергетикалық жабдықтармен қамтамасыз етуге, сондай-ақ Еуразиялық елдердің газ тасымалдау жүйесіне жаңғырту жүргізуге мүмкіндік береді.

Министр сондай-ақ бүгінгі таңда Одақта газ турбиналары бөлшектерінің өндірісін оқшаулау бағдарламасы белсенді іске асырылып жатқанын атап өтті. Оларды 2025 жылға қарай аяқтау үшін босатылған қаражатты тиісті іс-шараларды одан әрі кеңейтуге жіберу жоспарлануда.

Анықтама

ЕЭК Алқасының 2014 жылғы 15 шілдедегі №110 және 2016 жылғы 1 наурыздағы № 21 шешімдеріне сәйкес 2014 жылғы 2 қыркүйектен бастап қоса алғанда 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі аралықта газ турбиналарының бөлшектеріне қатысты кедендік құннан 0% мөлшерінде баж ставкасы қолданылып та келді.