Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда саясаты департаментінің директоры Владимир Серпиков Женеваға жұмыс сапары барысында БҰҰ Сауда және даму конференциясының (ЮНКТАД) және БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының (БҰҰ ЕЭК) басшылығымен кездесулер өткізді.
Іс-шаралардың негізгі тақырыбы халықаралық ұйымдардың Комиссиямен кезекті үш жылдық кезеңге арналған ынтымақтастық бағдарламаларының жобаларын талқылау болды. Тиісті құжаттарды әзірлеу Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделген.
"Болып өткен пікір алмасу шеңберінде ЮНКТАД-пен ынтымақтастық бағдарламасының жобасы бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді, ал БҰҰ ЕЭК-пен ынтымақтастық жоспарымен жұмысты тезірек аяқтау жөніндегі қадамдарды белгілеу мүмкін болды. БҰҰ ЕЭК өкілдері ұйымның осы саланы стандарттаудағы тәжірибесін ескере отырып, интермодальдық тасымал мәселенамасын қоса, біздің елдерімізді қызықтыратын маңызды жүйелік проблемаларды шешуге жәрдемдесуге дайын екендіктерін білдірді", - деп атап өтті Владимир Серпиков.
Сондай-ақ, Халықаралық сауда орталығының (ХСО) Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша офисі басшысымен кездесу өткізілді, оның барысында өзара іс-қимылдың құқықтық аспектілері, сондай-ақ Комиссия мен ХСО арасындағы меморандум шеңберінде тараптар үшін өзекті бірқатар бағыт қаралды.
Бұдан басқа, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Женевадағы бірқатар тұрақты өкілдіктері басшылығымен 2024 жылғы 26-29 ақпанға жоспарланған Дүниежүзілік сауда ұйымының министрлік конференциясы қарсаңында тәсілдемелерді үйлестіру мәселелерін, транспаренттілік мәселенамасын және ДСҰ-ға ұсыну үшін ЕАЭО шаралары бойынша нотификация жобаларын дайындау мәселелерін талқылау үшін консультациялар өтті.