Жаңалықтар

08.04.2022 (Обновлено: 28.04.2022 15:19)

ЕЭК бизнеске кооперациялық байланыстарды жолға қоюға көмектеседі

7 сәуірде ЕЭК штаб-пәтерінде өткен Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы жанындағы Ғылыми-техникалық кеңес отырысының қатысушылары Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде іске асыруға арналған перспективалық жобаларды қарады.

ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович атап өткендей, ағымдағы жыл Комиссия қызметіне елеулі түзетулер енгізді. Күн сайын Одақ мемлекеттері экономикаларының тұрақтылығын арттыруға арналған шараларды іске асыру бойынша жұмыс жүргізіледі.

«Комиссияның, мүше мемлекеттердің және ғылыми-техникалық кеңестің сарапшыларының қосымша күш-жігері талап етілетін проблемалық мәселелер қазірдің өзінде айқын», - деді Михаил Мясникович және ол отырысқа қатысушыларды өз идеялары мен ұсыныстарын енгізуге шақырды.
«Сколково» қорының Өңірлік даму және ТМД-мен өзара іс-қимыл жөніндегі вице-президентінің орынбасары Александр Окуневтің айтуынша, бүгінде көптеген компаниялар ЕАЭО ішінде қоныс аударуда, ал қазір бизнес кооперацияға қашанғыдан да дайын.

«Қоныс аударған бизнес өз мүмкіндіктерін түсінгісі келеді. Көбісі консорциум құруға дайын, соның ішінде ақпараттық технологиялар саласында. Сондықтан қазір кооперациялық байланыстарды қалыптастыру мәселелерінде ЕЭК пен билік органдарының ұстанымы туралы ақпарат өте қажет, атқарымдардың қайда және қандай бар екенін түсіну үшін карталау мәселесі өте маңызды», - деп атап өтті Александр Окунев.
Бизнеске кооперациялық байланыстарға «ие болуға» көмектесу үшін ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев 26-27 мамырда Қырғызстанда өтетін Еуразиялық экономикалық форум аясында конференция өткізуді ұсынды.

Мұндай кооперацияның алғашқы мысалы-«Қырғызстанның халықаралық университеті» Академиялық консорциумы базасында «Ала-Тоо» Еуразиялық технопаркін құру жобасы. Оны Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігі басшысының тұрақты даму жөніндегі арнайы өкіл-кеңесшісі Асылбек Айдаралиев таныстырды. Ол технопарктің идеядан бастап тәжірибелік үлгіні алуға және өнімді нарыққа шығаруға дейінгі жобалық қызметтің барлық кезеңдерінде резидент компанияларға қолдау көрсететінін атап өтті.

Ресейдің, Арменияның, Қазақстанның, Беларусьтің және Қырғызстанның жұмыс істеп тұрған технопарктері құрылтайшылар болады. Технопарк агроөнеркәсіп, рекреациялық-спорт, отын-энергетика салаларында және спутниктік технологияларда ЕАЭО елдерінің ғалымдары мен өнертапқыштарының инновациялары мен ғылыми-техникалық жетістіктерін ілгерілетумен және енгізумен айналысады.

«Бүгінгі таңда биоотын өндірісі, медицина және авиациялық қауіпсіздік саласындағы стартаптарды іске асыру жоспарланып отыр», - деді Асылбек Айдаралиев.
Ғылыми-техникалық кеңес технопарк құру идеясын қолдады.

Ғылыми-техникалық кеңестің отырысында сондай-ақ цифрлық денсаулық сақтау саласындағы жасанды интеллектпен үйлесімді ұлттық телемедициналық жүйелерді құру жобасы таныстырылды. Жоба авторы – «Ұлттық телемедицина агенттігі» ғылыми-өндірістік бірлестігі директорлар кеңесінің төрағасы Михаил Натензонның айтуынша, ЕАЭО елдеріне қолданыстағы денсаулық сақтау жүйелерін жаңғырту ғана емес, жаңаларын құру қажет. Жаңа жүйе екі бөліктен тұруы мүмкін, олар: медициналық мекемелердің стационарларындағы телемедициналық орталықтар желісі және ауылдық жерлердегі, шалғай және жету қиын аудандардағы мобильді кешендер жүйесі.

«Мұндай кешеннің өткізу қабілеті-жылына 20 мың адам. Бұл іс жүзінде доңғалақпен жүретін емхана. Әрі, онда ұсынылған барлық жабдықтар Ресейде шығарылады», - деді Михаил Натензон.
Бұл жобаны Одақ мемлекеттерінің уәкілетті органдарының қарауына ұсыну туралы шешім қабылданды.

Сондай-ақ, отырысқа қатысушылар жаһандық қаржы-сауда архитектурасындағы өзгерістерді және 2023 жылы бекіту жоспарланып отырған Одақтың ғылыми-техникалық дамуының стратегиялық бағдарламасын әзірлеуді талқылады. Мүше мемлекеттер өкілдерінің қатысуымен арнайы жұмыс тобын құру арқылы бірлескен жұмысты жандандыру қажеттілігі атап өтілді.

Ғылыми-техникалық кеңестің келесі отырысын маусым айында өткізу жоспарланған.

Анықтама

ЕЭК Алқасы Төрағасының жанындағы Ғылыми-техникалық кеңес Еуразиялық экономикалық интеграция және Еуразиялық экономикалық одақтың одан әрі дамуы мәселелерінің кең ауқымын ғылыми және сарапшылық тұрғысынан талқылау үшін ашық пікірталас пен кеңес алаңы ретінде қалыптастырылды. Кеңес мүшелері экономикалық интеграцияның модельдері мен нысандарын қарайды, әлемдік экономиканы дамытудың өзекті мәселелерін және жаһандық сын-қатерлерді талқылайды, халықаралық интеграциялық бірлестіктердің тиімді реттеушілік тәжірибелерін зерделейді, экономикалық интеграцияның перспективалық бағыттары бойынша Одақ елдерінің өзара іс-қимылын дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлейді. Кеңестің қызметі Комиссияның ғылыми зерттеулермен және жобалармен байланысты жұмысын жетілдіруге ықпал етеді.

Кеңесті ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович басқарады, ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев оның орынбасары болып табылады.

Кеңес төралқасы ЕАЭО елдерінің ғылым және жоғары білім саласындағы мемлекеттік органдары басшыларының орынбасарларынан, Ұлттық Ғылым академияларының басшыларынан, Комиссия министрлерінен жасақталды.

Одақ елдерінің ғылыми және сарапшылық қоғамдастығының өкілдері, сондай-ақ ЕЭК-тің лауазымды адамдары мен қызметкерлері бейін бойынша кеңесте сарапшылық топ шеңберінде жұмыс істейді.

Кеңес қызметі туралы ақпарат Комиссияның сайтында қолжетімді.