Жаңалықтар

26.11.2024

ЕЭК Халықаралық көші-қон ұйымына халықаралық жұмыспен қамту платформасын құруды ұсынды

Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақыт Сұлтанов Женевадағы Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) Кеңесінің 115-ші отырысында сөйлеген сөзінде халықаралық жұмыспен қамту платформасын құруды ұсынды.

ЕЭК министрінің сөзінше, мұндай платформа жұмыс орындары мен еңбек жағдайлары туралы ақпаратты жинақтай алады.

"Көші-қон процестерін реттеуге цифрлық технологияларды ендіру – көшіп келушілерді жұмысқа орналастыру мен олардың елде болуының заңдылығын қамтамасыз етудің кілті. Цифрландыру көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуді жеңілдетеді, жұмыс іздеудің және жұмыс іздеушілердің шығындарын азайтады, көші-қон процестерін ретке келтіреді", – деп атап өтті ЕЭК министрі.

Бақыт Сұлтанов Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі көші-қон процестерін реттеу ерекшеліктері туралы, сондай-ақ цифрлық технологияларды пайдалана отырып, ЕАЭО-да бірыңғай еңбек нарығын дамыту жөніндегі ЕЭК жұмысы жайында айтты.

"Комиссия көшіп келуші еңбекшілердің болу еліндегі мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге электрондық нысанда қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейту жолында ЕАЭО елдерімен жұмыс істеуде", – деп атап көрсетті Бақыт Сұлтанов.

ЕЭК 2013 жылғы 12 сәуірдегі Ынтымақтастық туралы меморандум негізінде ХКҰ-мен өзара іс-қимыл жасайды. Қазір тараптар оны жаңарту жұмысы үстінде. Бұдан басқа, ЕЭК пен ХКҰ жақында ЕАЭО-дағы көшіп келуші еңбекшілердің қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша пилоттық жобаны әзірлеуге кірісті.

Бақыт Сұлтановтың сөзінше, жаһандық еңбек нарығында білікті кадрларға деген қажеттілік артып келеді және ЕЭК сұранысқа ие кәсіптердің жалпы тізбесін қалыптастыру механизмдерін әзірлеу мен ендіруді, біліктілікке қойылатын талаптарды жақындастыруды және дағдылар мен біліктілік платформаларын дамытуды қоса, білікті жұмыс күшінің ағындарын реттеудегі өз тәжірибесімен бөлісуге дайын.

Іс-шара шеңберінде ЕЭК Еңбек көші-қоны және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Алтынай Омурбекованың жобалардың үйлестірушісі, ХКҰ жаһандық желі хатшылығы басшысының міндетін уақытша атқарушы Парул Мехрамен кездесуі болып өтті. Тараптар еңбек көші-қоны процестерін халықаралық реттеудің озық тәжірибелері туралы пікір алмасты және ЕЭК пен ХКҰ-ның бұдан арғы ынтымақтастық жолдарын айқындады.