Жаңалықтар

19.01.2024

ЕЭК соңғы төрт жылдағы жұмыс қорытындыларын ұсынды

Еуразиялық экономикалық комиссия 2020-2023 жылдары атқарған қызметі туралы есепті жариялады.

ЕЭК Алқасының төрағасы Михаил Мясникович өзінің кіріспе сөзінде өткен төртжылдықта Еуразиялық экономикалық одақтың дамуын сипаттайтын маңызды сандарды атап келтірді: «2020-2023 жылдары ЕАЭО ЖІӨ көлемі 4,1%-ға артып, 2,2 трлн долларға жетті. Өнеркәсіптік өндіріс 8,3%-ға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 5,7%-ға өсті. Ауыл шаруашылығы өнімін өндіру 11,8%-ға артты. ЕАЭО мемлекеттерінің өзара сауда көлемі сол кезеңде 1,5 есе өсті».

ЕАЭО-дағы соңғы төрт жылдағы басты оқиғалардың бірі –Комиссияның еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын дайындауы және кейіннен олардың іске асырылуын Одақ мемлекеттері басшыларының бекітуі болды. 2025-Стратегиясы ЕАЭО туралы шарттың мүмкіншілігін кеңейтті және қалыптасу кезеңінен жобалық интеграция кезеңіне көшуді белгіледі.

ЕАЭО-да экономикалық өсуді жеделдету үшін өндірістік қуаттарды, еңбек ресурстарын және ғылыми-техникалық әлеуетті тиімді пайдалану негізінде инвестициялық және инновациялық белсенділікті арттыру бойынша тәсілдерді әзірлеу басталды. Кооперациялық жобаларды қаржыландырудың жаңа механизмі әзірленді, ол 2024 жылы оларды іріктеуге және іске асыруға кірісуге мүмкіндік береді. ЕАЭО-да тасымалдарды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісім күшіне енді, оны іс жүзінде іске асыру 2024 жылдың басында басталуы тиіс. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде банктік кепілдіктерді өзара тану туралы келісімге қол қойылды. Осылайша, көптеген жылдар бойы шешімін таппаған күрделі мәселелер бойынша жұмыстар аяқталды.

2023 жылғы 25 желтоқсанда Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің басшылары ЕАЭО-ның 2030 жылға дейінгі және 2045 жылға дейінгі кезеңге арналған «Еуразиялық экономикалық жол» даму декларациясына қол қойды. Декларацияда Одақтың 2045 жылға қарай өзін-өзі қамтамасыз ететін, үйлесімді дамыған және әлемнің барлық елдері үшін тартымды, экономикалық-технологиялық және зияткерлік көшбасшылыққа ие және мүше мемлекеттер халқының әл-ауқатының жоғары деңгейін қолдайтын макроөңірге айналу жолындағы 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаға арналған міндеттері айқындалған. Бүгінде ЕАЭО — халықаралық экономикалық қатынастар архитектурасының маңызды элементі. 2020 жылы екі мемлекет ЕАЭО жанынан бақылаушы мәртебесін алған болатын, олар — Куба және Өзбекстан. Иранмен уақытша келісімнен толық форматты сауда келісіміне көшу бойынша жұмыс аяқталды. ШЫҰ, АСЕАН және АӨСШК-мен бірге Үлкен Еуразияда жіксіз байланыс кеңістігі жасалып келеді, Қытай Халық Республикасымен «Бір белдеу, бір жол» еуразиялық интеграцияның және бастамасының ұштастырылуы жүзеге асырылуда. БРИКС және Африка одағымен конструктивті диалог жасалуда. Бұл жұмыс Үлкен Еуразиялық әріптестік идеясын іс жүзінде іске асыру бойынша үлес болып табылады.

Бұл ретте, ЕЭК Алқасы төрағасының айтуы бойынша Еуразиялық экономикалық одақ тек экономикалық мағынада ғана емес, сондай-ақ өмірдің ажырамас бөлігіне айналған. «Өзімізге тән барлық айырмашылықтарға қарамастан, бізді жалпыадамзаттық тұрғыдан да, экономикалық бестік елдеріміз, яғни Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы тұрғысынан да біріктіретін ортақ нәрсе көп. Менің ойымша, бұл біздің басты құндылығымыз, оны сақтау және арттыра түсу керек», — деп атап өтті Михаил Мясникович.

Есепте Комиссияның барлық блоктары: атап айтқанда, ЕЭК Алқасының төрағасы; интеграция және макроэкономика; экономика және қаржы саясаты; өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен; сауда; кедендік ынтымақтастық; бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу; техникалық реттеу; энергетика және инфрақұрылым; ішкі нарықтар, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жұмысының нәтижелері ұсынылған.

Басылым тек есеп беру сипатында ғана емес. Ол мазмұны жағынан айтарлықтай кең: Комиссия қызметінің барлық бағыттары бойынша материалдарда ұсынылған еуразиялық дамудың тарихи бөлігін де, перспективаларын да қамтиды.

Есепті Протокол және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету департаменті Комиссия блоктарымен бірлесіп дайындады. Оған сілтеме бойынша өтіп, оқып танысуға болады.