23 сәуірде Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев пен ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Гоар Барсегянның төрағалық етуімен ЕАЭО елдері мен Иран аумағындағы арнайы экономикалық аймақтарға бизнестің қатысуын қоса, өнеркәсіп пен АӨК саласында Иранмен ынтымақтастықты дамыту перспективаларына арналған семинар өтті.
Іс-шара Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран Ислам Республикасы арасындағы Еркін сауда туралы толық форматты келісімнің күшіне енуі қарсаңында ұйымдастырылды.
"Мұндай семинарлар проблемалық мәселелерді де, біздің сауда-экономикалық қатынастарымыздың дамуындағы жаңа өсу нүктесі болуы мүмкін бағыттарды да талқылауға мүмкіндік беретін тиімді алаң болып табылады", – деп атап өтті Андрей Слепнев.
Ол Келісімнің осы жылғы 15 мамырда күшіне енгізілгенінен кейін ЕАЭО елдерінің компаниялары Иран нарығына қол жеткізудің бірегей жағдайларына ие болатынын атап көрсетті және тараптар ашылатын перспективаларды, соның ішінде өнеркәсіптік кооперацияны жолға қою бөлігінде толық пайдаланатынына үміт білдірді.
Келісімде, атап айтқанда, ЕАЭО мен Иранның іскер топтары өзара мүддені білдіретін ынтымақтастықты дамытудың әртүрлі бағыттарын нақты талқылай алатын бірқатар диалог құралын құру көзделген.
"Салалық ынтымақтастық шеңберінде біз өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік кәсіпорындардың өзара іс-қимылында, ғылыми зерттеулерді, технологиялар мен инновацияларды дамытуда, кооперациялық байланыстарды кеңейтуде елеулі әлеует бар екенін көріп отырмыз. ЕАЭО мемлекеттерінің үлкен экономикалық әлеуеті бар, ал ресурстардың болуы мен бірлескен іс-қимыл мүше мемлекеттердің Иранмен өзара тауар айналымын ұлғайту, бәсекеге қабілетті өндіріс көлемін ұлғайту және жоғары технологиялық өнім экспортын дамыту мүмкіндігін ашады", – деп атап өтті Гоар Барсегян.
Өнеркәсіп пен АӨК саласындағы ирандық әріптестермен өзара іс-қимылдың неғұрлым перспективалы бағыттарын Келісімнің ережелерін имплементациялауға бағытталған ЕАЭО, оған мүше мемлекеттер және Иран арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарының (жол картасының) әзірленіп жатқан жобасына кірістіру ұсынылады.