Жаңалықтар

02.11.2022

ЕЭК Алқасы адамдарды, жолжүкті және қолжүкті кедендік қарау жүйесін жетілдіреді

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы 1 қарашада адамдарды, жолжүкті және қолжүкті кедендік қарау (тексеріп қарау) жүйесіне қойылатын бірыңғай типтік талаптарды бекітті. Бұл бүкіл сыртқы одақтық шекарада кедендік бақылауды жүзеге асыру кезінде Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің тәсілдемелерін үндестіруге мүмкіндік береді.

"ЕАЭО шеңберінде кедендік реттеуді жетілдіру– 2025-Стратегиясының маңызды бағыттарының бірі. Онда, атап айтқанда, адамдарды, жолжүкті және қолжүкті қарау (тексеріп қарау) жүйесін қоса, Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарлар өткізу орындарында кедендік инфрақұрылым элементтерін техникалық жарақтандыруға қойылатын типтік талаптарды жетілдіру және біріздендіру туралы тармақ бар. Бұл міндетті үстіміздегі жылдың аяғына дейін шешуіміз керек еді, біз оны ойдағыдай орындадық", – деп атап өтті ЕЭК Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Максат Мамытканов. 

Кеден органдарының міндеті – ЕАЭО елдерінің азаматтары үшін қауіп төндіретін тауарларды, сондай-ақ тыйым салуға және шектеуге жатқызылған тауарларды әкелуге және әкетуге жол бермеу.

Одақта өткізу пункттерінде адамдарды, жолжүкті және қолжүкті қарау (тексеріп қарау) жүйесіне қойылатын мүше мемлекеттердің барлығы үшін бірыңғай талаптар болған жоқ. Бұл орайда әрбір ел өз заңнамасына сәйкес жұмыс істеді, сол себепті әуежайларда, теңіз және өзен порттарында, теміржол вокзалдарында, автомобиль терминалдарында – кедендік өткізу пункттері жабдықталған барлық орында елдердің бақылау жүйелеріне қойылған талаптарының әртүрлілігіне байланысты сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін проблемалық жағдаяттар дүркін-дүркін туындап тұрды. Комиссия мен ЕАЭО елдерінің сарапшылары осыны түзетті.

Тауарларды Одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу орындарында орналасқан кедендік инфрақұрылым элементтерін жайластыруға және техникалық жарақтандыруға қойылатын типтік талаптар тауарларды кедендік талаптарды бұза отырып заңсыз өткізу тәуекелін төмендетіп қана қоймай, шекарада кедендік операцияларды жүргізу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.