Еуразиялық экономикалық комиссия мен Еуразиялық кардиологтар қауымдастығы арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық мәселелерін ЕЭК Интеграция және макроэкономика министрі Сергей Глазьев және «Еуразиялық кардиологтар қауымдастығы» медицина қызметкерлері қауымдастығының президенті, «Академик Е.И. Чазов атындағы Ұлттық кардиология медициналық зерттеу орталығы» ФМБМ бас директорының ғылыми-сараптамалық жұмыс жөніндегі орынбасары Ирина Чазова талқылады. Кездесу ЕЭК штаб-пәтерінде өтті.
Сергей Глазьев ЕАЭО-да денсаулық сақтауды жан-жақты дамытудың маңыздылығын атап өтті, бұл халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыруға көп ықпал етеді.
Ирина Чазова өз кезегінде Еуразиялық кардиологтар қауымдастығының қолдауымен жүрек-қан тамырлары және онымен байланысты аурулардың профилактикасы және алдын алу бойынша әзірленген ұсынымдар туралы айтып берді. Олар басылып шығарылған және мамандардың қолдануына арналған. Ол Қауымдастықтың ЕАЭО-да денсаулық сақтау саласында тиімді желілік өзара іс-қимылды ұйымдастыруға ықпал ететін ғылыми-сараптамалық желіні құрғанын атап өтті.
Кездесуге қатысушылар ЕАЭО аумағында жүрек-қан тамырлары және өзге де аурулардың алдын алуға ықпал ететін бірлескен іс-шаралар тобын өткізуді талқылады.
Анықтама
Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттары (Стратегия-2025) ЕАЭО мемлекеттерінің денсаулық сақтау саласындағы экономикалық ынтымақтастығын кеңейтуді, оның ішінде азаматтарға арналған заманауи жетістіктердің қолжетімділігін қамтамасыз ету бөлігінде денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі іс-шаралар бағдарламасын әзірлеуді; озық әдістер мен мамандандырылған білімге қол жеткізуді жеңілдету үшін денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер бойынша халықаралық форумдарды ұйымдастыруға және өткізуге қатысты мәселелерді зерделеу және басқа да шараларды көздейді.
«Еуразиялық кардиологтар қауымдастығы» медицина қызметкерлерінің қауымдастығы – бұл кардиология саласындағы медицина мамандарына кәсіби, ғылыми және практикалық тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін коммерциялық емес ұйым. Қауымдастық Еуразия өңірі елдерінің медициналық қоғамдастығының бірлестігі болып табылады және денсаулық сақтау, медицина ғылымы мен білім беру саласының неғұрлым толық және жан-жақты дамуына, сондай-ақ Еуразия мемлекеттерінде кардиология және сабақтас ғылым саласында ғылыми-зерттеу, оқытушылық және практикалық жұмыс жүргізетін медицина мамандарының кәсіби өсуіне, дамуына жәрдемдеседі.