Жаңалықтар

09.12.2022 (Обновлено: 14.12.2022 16:20)

ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары электрондық нысанда көрсетілетін қызметтерге ҚҚС салығын салудың жаңа тәртібін бекітті.

9 желтоқсандағы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары Одақ аумағында электрондық нысанда көрсетілетін қызметтер кезінде ҚҚС алу тәртібіне өзгерістер енгізетін хаттамаға қол қойды.

Жаңа қағидаларға сәйкес, ЕАЭО аумағында электрондық нысанда көрсетілетін қызметтерді трансшекаралық сатып алу кезінде ҚҚС салығын салу сатып алушының орналасқан жері бойынша орын алады. Бұл мәселе бойынша бұған дейін ортақ тәсілдеме болған жоқ, бұл қосарланған салық салуға немесе осындай коммерциялық қызметке бірде бір мүше мемлекетте салық салынбайтын жағдаятқа алып келді.

Бұдан басқа, бекітілген хаттама ЕАЭО аумағында сатып алушыларға электрондық нысанда қызметтер көрсетуші салық төлеушілерге мүше мемлекетте қашықтан ҚҚС төлеуші ретінде тіркелу , оңайлатылған тәртіппен электрондық декларация беріп, салық төлеу мүмкіндігін қамтамасыз етті.

Сондай-ақ ЕАЭО аумағында электрондық нысанда қызметтер көрсету кезіндегі ҚҚС салық әкімшілігін жүргізу тәртібінің техникалық мәселелері реттелген.

Хаттамаға және электрондық коммерция саласында ЕАЭО салық заңнамасын дамыту перспективаларына ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақытжан Сағынтаев түсіндірме жасады:

"Бүгін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде салық төлеушілер электрондық нысанда көрсетілетін қызметтер кезінде ҚҚС әкімшілік жүргізудің ұлтүсті тәртібін бекітетін маңызды хаттамаға қол қойылды. Қол жеткізілген уағдаластық осы саладағы бәсекелестік ортаны дамытуға, экономикалық интеграцияны әлі де арттыруға ықпал етеді, сондай-ақ ЕАЭО аумағында электрондық нысанда көрсетілетін қызметтерге ҚҚС салығын салу мәселелерінде бизнес үшін анықтықты енгізеді. Бұл саладағы жұмыс әлі аяқталмағанын және бүгінгі таңда Комиссияның жаңа қағидалар қолданылатын электрондық нысанда көрсетілетін қызметтер тізбесін бекітуге кіріскенін атап өтемін. Бұдан басқа, Комиссия ЕАЭО елдері арасында тауарлардың электрондық саудасына ҚҚС салығын салу мәселелерін реттеуге бағытталған Хаттама жобасын бекіту жөнінде белсенді жұмыс жүргізуде".