Жаңалықтар

03.02.2023

Еуразиялық бестік Үкіметтерінің басшылары ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығының нормативтік базасын қалыптастыруды бастады

Еуразиялық үкіметаралық кеңес 2-3 ақпанда Алматыда өткен отырысында ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығы шеңберінде электр энергиясын (қуатын) мемлекетаралық беру бойынша көрсетілетін қызметтерге қол жеткізу қағидаларын бекітті. Бұл ортақ электр энергетикалық нарықты іске қосу үшін қажетті, алдағы уақытта ЕАЭО-ның Үкімет басшылары қабылдайтын қағидалар топтамасының бірінші бөлігі.

 

Қағидалар электр энергиясының ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығындағы саудасы кезінде оның транзитіне кемсітусіз қол жеткізуді, сондай-ақ электр энергиясының ұлттық нарықтарының сенімді жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді.

Құжат 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап, электр энергиясының өзара саудасы қағидаларымен, мемлекетаралық ЭБЖ-ді өткізу қабілетін айқындау және бөлу қағидаларымен әрі ортақ электр энергетикалық нарықта ақпарат алмасу қағидаларымен бір мезгілде күшіне енеді. Осы актілердің күшіне енгізілуімен ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығы жұмыс істей бастайды.

"Ортақ электр энергетикалық нарық құру идеясы — ЕАЭО үшін базалық идеяның бірі. Біз Комиссияда оны шын мәнінде жаңа нарықтың жаңа қағидалары тұрғысынан жүзеге асыруды қамтамасыз етуге тырысамыз. Бірінші кезекте ол энергетикалық қауіпсіздікті және бестік елдерінің электр энергетикалық кешендерінің сенімді жұмыс істеуін арттыруға ықпал етеді", — деп атап өтті ЕЭК Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошев.