Жаңалықтар

21.11.2023

ЕАЭО мемлекеттері мал шаруашылығындағы селекциялық жетістіктерді сынақтан өткізу және ірі қара малдың сүт өнімділігін бағалау процестерін біріздендіреді

21 қарашада Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде ауыл шаруашылығы жануарларының жаңа тұқымдарын, типтерін, желілері мен кросстарын сынақтан өткізуді жүргізу тәртібіне өзгерістер енгізіп, оны "Ауыл шаруашылығы жануарларының сынақтан өткізілетін жаңа тұқымдарының, типтерінің, желілері мен кросстарының ерекшелігін, біртектілігін, тұрақтылығын және ауруға төзімділігін бағалау" қосымшасымен толықтырды.

Құжат ауыл шаруашылығы жануарларының түрлік ерекшеліктерін және өнімділігінің бағыттарын ескере отырып дайындалған. Онда көрсеткіштерді айқындау (есептеу) алгоритмдері, сипаттама (иллюстрацияларды қоса) және мал шаруашылығындағы селекциялық жетістіктердің біртектілігін, ерекшелігін, тұрақтылығын және ауруға төзімділігін бағалау кезінде ескерілетін белгілерді өлшеу, айқындау зерттеу әдістері қамтылған. Құжат ЕАЭО шеңберінде сынақтан өткізілетін жаңа селекциялық жетістіктерді ерекшелігіне, біртектілігіне, тұрақтылығына және ауруға төзімділігіне бағалаудың бірыңғай әдістемесін қолдануды көздейді. Бұл ірі қара мен және ұсақ малға, шошқаға, жылқыға, түйеге, бұғыға, құсқа, терісі бағалы аңға, балыққа, араға қатысты.

"Енгізілетін өзгерістер сынақтан өткізу жүргізу кезінде құқықтық негізді қалыптастыруды аяқтауға, мал шаруашылығында құрылатын селекциялық жетістіктерді бекіту жөніндегі жұмысты біріздендіруге және оларды ЕАЭО шеңберінде тануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жануарлардың генетикалық әлеуетінің өсуіне, бәсекеге қабілетті асыл тұқымды өнім өндірісінің көлемін ұлғайтуға, импортқа тәуелділікті азайтуға және өзара жеткізілім көлемін арттыруға ықпал ететін болады", – деп атап өтті ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян.

Алқа отырысында "Сүт өнімділігін есепке алудың және сүт өнімділігі бағытындағы ірі қара малдың сүт сапасына зертханалық бақылау жүргізудің біріздендірілген тәсілдемелері туралы" ұсыным да қабылданды.

Бұл Одақ мемлекеттерінің тәжірибесін және Халықаралық жануарларды есепке алу комитетінің (ICAR) ұсынымдарын ескере отырып дайындалған құжат ірі қара малдың сүт өнімділігін бағалау процестерінің анықтығын арттыруға бағытталған. Ұсыным ережелерін ендіру халықаралық танылған қағидаттар негізінде мүше мемлекеттерде асыл тұқымды малдың сүт өнімділігін есепке алуды жүргізу және бақылау мәселелері құзыретіне жататын ассистенттік қызметтердің жұмыс істеу тәртібін, объективті, тәуелсіз селекциялық есепке алу жүйесін құруға ықпал ететін болады.

Қабылданған құжаттар асылдандыру ісін ұйымдастыру мен жүргізу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде бәсекеге қабілетті асыл тұқымды өнім өндіруді дамытуға ықпал ететін болады.

Анықтама

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ауыл шаруашылығы жануарларының жаңа тұқымдарын, типтерін, желілері мен кросстарын сынақтан өткізу тәртібі Комиссия Алқасының 2020 жылғы 22 қыркүйектегі № 113 шешімімен бекітілген. Өзгерістер енгізілгенге дейін мал шаруашылығындағы селекциялық жетістіктердің ерекшелігін, біртектілігін және тұрақтылығын бағалау мүше мемлекеттерде ұлттық заңнамаға сәйкес жүзеге асырылып келді.