26 желтоқсанда Ленинград облысында (РФ) Армения Республикасының Премьер-министрі, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) Төрағасы Никол Пашинянның төрағалығымен Еуразиялық экономикалық одақ елдері басшыларының, ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекеттер басшыларының және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен ЖЕЭК отырысы өтті.
Кеңес мүшелері ЕАЭО-ның 2025 жылға арналған халықаралық қызметінің негізгі бағыттарын – мүше мемлекеттердің ұсынымдарына сәйкес Комиссияның әзірлеген осы саладағы жүйе құраушы құжатты бекітті.
Тергеу жүргізу және арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану немесе қолданбау туралы шешімдер қабылдау кезінде ерекше механизмге қатысты бөлігінде ЕАЭО туралы шартқа өзгертулер енгізу туралы хаттама мақұлданды.
Одақ елдерінің басшыларына Комиссияның бірыңғай қызметтер нарығының қызметі және Еуразиялық экономикалық одақта қызметтердің жекелеген секторларын ырықтандыру туралы баяндамалары ұсынылды.
ЕАЭО-ның және үшінші тараптың (үшінші тараптардың) кедендік транзитінің бірыңғай жүйесі туралы келісімге қол қойылды, ол Одақтың үшінші елдермен бірыңғай транзиттік жүйені құру туралы жекелеген халықаралық шарттарын жасасу үшін маңызды құқықтық негіздерді айқындайды.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес Иран Ислам Республикасына ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекет мәртебесін берді.
Одақ елдерінің басшылары 2025 жылы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске, Еуразиялық үкіметаралық кеңеске және Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесіне Беларусь Республикасы төрағалық ететінін анықтады.
ЖЕЭК-тің кезекті отырысы 2025 жылдың мамыр айының соңында Беларусьте өтеді.