Жаңалықтар

09.12.2022

2022 жылғы 9 желтоқсандағы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындылары.

Бүгін Бішкекте Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың төрағалық етуімен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің көзбе-көз форматтағы отырысы Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттері басшыларының - Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинянның, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің, Куба Республикасының Президенті Мигель Диас-Канель Бермудестің (бейнеүндеу форматында), Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Ариповтың, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясниковичтің қатысуымен болып өтті.

ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары Еуразиялық экономикалық одақтың Біріккен Араб Әмірліктерімен еркін сауда туралы келісім жасасуы жөнінде келіссөздерді бастау туралы шешім қабылдады.

ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары Одақ аумағында электрондық нысанда көрсетілетін қызметтер кезінде ҚҚС алу тәртібіне өзгерістер енгізетін хаттамаға қол қойды.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес өнеркәсіптік кооперация жобаларын қаржыландыру үшін жаңа формат құру туралы шешім қабылдады.

ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары ЕАЭО-ның 2023 жылға арналған халықаралық қызметінің негізгі бағыттарын бекітті.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес көрсетілетін қызметтерді ырықтандырудың басым бағыттарының тізбесін бекітті, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың көрсетілетін қызметтердің бірыңғай нарығын кеңейту туралы шешім қабылдады, бұған 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 14 көрсетілетін қызмет секторы көшеді, соның ішінде метеорологиялық көрсетілетін қызметтер, тұрмыстық және өзге де көмекші көрсетілетін қызметтер бар.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес көмекші орган - ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің энергетика саласындағы уәкілетті органдарының басшылары кеңесін құру туралы шешім қабылдады. Кеңес туралы ереже бекітілді. Басшылар кеңесін құру ұлттық экономикаларды энергетикалық ресурстардың негізгі түрлерімен қамтамасыз етуге, ұзақ мерзімді өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға, үйлестірілген энергетикалық саясатты жүргізуге және энергия ресурстарының ортақ нарықтарын кезең-кезеңімен қалыптастыруды жүзеге асыруға бағытталған Одақ елдерінің осы саладағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

ЖЕЭК шешіміне сәйкес, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресей Федерациясы бір жыл бойы ЕАЭО органдарына – Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске, Еуразиялық үкіметаралық кеңеске және Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесіне төрағалық етеді. ЕАЭО туралы шартқа сәйкес осы органдарда төрағалық етушінің орнына орыс әліпбиі тәртібімен жыл сайын жоспарлы ротация жүргізіледі. Өткелі тұрған 2022 жылы барлық құрылымда Қырғыз Республикасы мен оның өкілдері төрағалық етті.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы 2023 жылғы 24-25 мамырда Ресей Федерациясында өтеді.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындысы бойынша қол қойылған құжаттар

-       «Біріккен Араб Әмірліктерімен еркін сауда туралы келісім жасасу жөніндегі келіссөздерді бастау туралы» шешім,

-     «Еуразиялық экономикалық одақтың 2023 жылға арналған халықаралық қызметінің негізгі бағыттары туралы» шешім,

-    «Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентіне №1 қосымшаның 63-тармағына өзгерістер енгізу туралы» шешім,

-     «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерінің энергетика саласындағы уәкілетті органдары басшыларының кеңесі туралы» шешім,

-    2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа электрондық нысанда көрсетілетін қызметтер кезінде жанама салықтар алу тәртібін айқындау бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттама,

-    «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде көрсетілетін қызметтердің бірыңғай нарығы жұмыс істейтін көрсетілетін қызметтер секторларының (кіші секторларының) тізбесіне өзгерістер енгізу туралы» шешім,

-     «Ырықтандыру жоспарларына сәйкес (өтпелі кезең ішінде) Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде көрсетілетін қызметтердің бірыңғай нарығын қалыптастыру бойынша жұмыс жалғасатын көрсетілетін қызметтер секторларын (кіші секторларын) айқындау мақсатында көрсетілетін қызметтерді ырықтандырудың басым бағыттарының тізбесі туралы» шешім,

-    ««Еуразиялық экономикалық одақтың дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттау туралы» шешім,

-    «Еуразиялық экономикалық одақ органдарындағы сыртқы аудит (бақылау) туралы ережеге өзгерістер енгізу туралы» шешім,

-       «Шаруашылық жүргізуші субъектілер Еуразиялық экономикалық одақтың Сотына жүгінген кезде төлейтін баж мөлшерін бекіту туралы» шешім,

-    «Еуразиялық экономикалық одақ органдарында төрағалық ету туралы» шешім,

-      «Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысын өткізу уақыты мен орны туралы» өкім.