Жаңалықтар

20.12.2023

Даму институттары консорциумына Қырғыз Республикасынан жаңа қатысушы қосылды

Қырғыз Республикасының экономикалық саясатты зерттеу институты (ЭСЗИ) даму институттары консорциумына қосылды. Тиісті келісімге 18 желтоқсанда Мәскеуде Стратегиялық бастамалар агенттігі ұйымдастырған даму институттары өкілдерінің кездесуі шеңберінде қол қойылды.

Бұдан бұрын Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде даму институтын құру мәселесіне Қырғыз Республикасы бастамашылық еткен еді. Еуразиялық экономикалық комиссияның көмегімен даму институттарының консорциумын құру туралы шешім қабылданды. Оған Армения Республикасының Стратегиялық даму орталығы, Қырғыз Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық стратегиялық зерттеулер институты және Стратегиялық бастамалар агенттігі (Ресей Федерациясы) кірді.

ҚР ЭСЗИ консорциумның төртінші қатысушысы болды. Оған қосылу туралы келісімге қол қою рәсіміне ҚР ЭСЗИ директоры Санжар Муканбетов және консорциумның үйлестіру кеңесінің төрағасы, Стратегиялық бастамалар агенттігінің бас директоры Светлана Чупшева қатысты.

ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев атап өткендей, даму институттарының консорциумын құру бірлескен бастамаларды іске асыру, таңдаулы атқарымдармен алмасу және өңірлерде инвестициялық қызметтің жалпы әдіснамалық қағидаттарын қалыптастырудың маңызды қадамы болды.

"Бұл бірлескен интеграциялық жобаларды ынталандырудың жаңа механизмі болды. Өзара іс-қимылды одан әрі арттыра түсудің, бірлескен инвестициялық жобаларды қалыптастырудың мүмкіндіктерін көріп отырмыз", – деді Сергей Глазьев.

2024 жылы консорциум бірлескен жобаларды анықтауға, кооперацияға жәрдемдесуге, мүше мемлекеттердегі инвестициялық белсенділікті және олардың өңірлерінің тартымдылығын арттыруға бағытталған "Еуразиялық интеграция рәміздері" конкурсын өткізеді.

Іскери кездесуге халықаралық ұйымдардың, Азия, Африка, Оңтүстік Шығыс және Еуропа өңірлерінің өкілдері қатысты.

Анықтама

Даму институттары консорциумын құру туралы келісімге 8 маусымда Сочиде өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы шеңберінде қол қойылды. Консорциум – тәжірибе және таңдаулы практика алмасу, ЕАЭО мемлекеттерінің кәсіпкерлеріне қолдау көрсету, перспективалы кооперациялық жобаларды ілгерілетудің бірыңғай тәсілдемелерін қалыптастыру алаңы.

Стратегиялық бастамалар агенттігі (СБА) – Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы жобалық офис. Агенттік қоғамдық маңызы бар жобалар мен бастамаларды қолдау арқылы орта кәсіпкерлік және әлеуметтік саладағы жас кәсіби кадрлар мен ұжымдардың әлеуметтік және кәсіби ұтқырлығын дамытуға жәрдемдесу мақсатында құрылған.

Қырғыз Республикасының экономикалық саясатты зерттеу институты (ҚР ЭСЗИ) 2018 жылы Қырғыз Республикасының Экономика министрлігіне практикалық зерттеу жұмыстарын жүргізу мен ағымдағы экономикалық саясатты талдауда сарапшылық қолдау көрсету үшін құрылған. Бұдан басқа, ұйым міндеттерінің бірі – жаһандық және өңірлік шақырыстар мен тәуекелдер жағдайында стратегиялық құжаттар әзірлеу болып табылады.