Жаңалықтар

26.05.2022 (Обновлено: 15.06.2022 15:11)

Бішкекте Еуразиялық экономикалық форумның жалпы отырысында ЕАЭО елдерінің көшбасшылары Одақты дамыту перспективаларын талқылады

Бішкекте Еуразиялық экономикалық форумның жалпы отырысында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің көшбасшылары жаһандық трансформациялар дәуіріндегі Еуразиялық экономикалық одақты дамыту перспективаларын талқылады.

Отырысқа Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Роман Головченко және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович қатысты.

ЕАЭО мемлекеттерінің көшбасшылары Еуразия кеңістігіндегі экономикалық интеграцияға және өз мемлекеттері экономикаларының дамуына баға берді.

Одақта төрағалық етуші Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров ЕАЭО-ның дамуы — бұл Одақтың әрбір мемлекетінің жеке алғандағы оқшауланған әрекеті еместігін, бірлестіктің барлық қатысушысына байланысты болатын өзара толықтырушы процесс екенін атап өтті.

Қырғыз Республикасы Президентінің сөзімен айтқанда, әлемдік саясаттағы өсіп келе жатқан қарсы ағыстық, Одақ бойынша әріптестерге қатысты талғамалы санкциялар жағдайында неғұрлым тығыз үйлестіру мен өзара іс-қимыл факторы ерекше өзектілікке ие болады.

«Мұндай жағдаятта біздің барлығымыз Одақ елдерінің пандемия кезеңіндегі сын-қатерлерге ден қоюының жақсы тәжірибесі бар екенін еске сала отырып, сыртқы қолайсыз факторларға жедел және тиімді ден қоюымыз қажет», — деді Садыр Жапаров.

Одақ елдерінің бірлесіп ЕАЭО алдында тұрған барлық сын-қатерді еңсере алатынына сенімділік білдіре келіп, ол: «Мүше мемлекеттердің кез келгеніне сыртқы шабуылды бүкіл Одақтан немесе қандай да бір мүше мемлекеттен қол үзіп қарауға болмайды. Осыған байланысты біз үйлесімді жұмыс істеп, іс-қимылымызды үйлестіруді күшейтуіміз қажет», — деді. 

Садыр Жапаров жастарға айрықша назар аудару қажеттігін атап көрсетті. «Ағымдағы жылдың басындағы өз үндеуінде Қырғыз Республикасы жыл сайын Еуразиялық жастар форумын өткізу туралы бастама көтерді. Сонымен, біз жас ұрпақ үшін Еуразиялық интеграция мәселелері, біздің Одағымызды экономикалық дамытуды пайымдау бойынша пікір алмасу үшін алаң ұсынуға дайынбыз». Оның пікірінше, бұл Еуразиялық интеграция идеясын ілгерілету үшін берік іргетас қалаған болар еді.

Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян Одақтың цифрлық күн тәртібінің басымдылығын атап өтті.

«Одақтың цифрлық күн тәртібі шеңберінде интеграциялық процестерді тереңдетуге бағытталған бастамаларды дәйекті ілгерілету және экономика, азаматтар және ЕАЭО мемлекеттері үшін тікелей пайда алынуы қажет», — деп атап өтті Никол Пашинян.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ өзінің, соның ішінде қазіргі болып жатқан күрделі геосаяси жағдайларда тиімділігін көрсетті деп атап өтті.

Осымен қатар ол Еуразиялық экономикалық комиссияның мүше мемлекеттер арасында ымыра табу жөніндегі барынша ойдағыдай қызметіне назар аударды.

«Бүгінгі таңда тосқауылдардың 80 %-ы ЕЭК шеңберінде өткізілетін консультациялар нәтижесінде жойылды. Бұл ауыр жұмыс жалғасады деп үміттенеміз. Интеграция – мүше мемлекеттер арасында ымыра табудың ең еңбекті көп қажетсінетін процесі», — деген Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Еуразиялық интеграцияны іскерлік және прагматикалық негізде дамытудың жақтаушысы болып табылатынын атап көрсетті.

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин ағымдағы болмыста Үлкен Еуразиялық әріптестіктің перспективалылығы мен өзектілігін атап өтті.

«Үлкен Еуразиялық әріптестікті дамытудың кешенді стратегиясын қалыптастыратын уақыт пісіп-жетілді, ол біздің алдымызда тұрған түйінді халықаралық сын-қатерлерді көрсетуге, сондай-ақ перспективалық мақсаттарды айқындауға, оларға қол жеткізудің құралдары мен механизмдерін қамтуға тиіс. Сауда және инвестициялық келісімдер жүйесін, соның ішінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің, АСЕАН мен БРИКС-тің қатысуымен дамыту жөніндегі одан арғы қадамдарды ойластыру қажет», — деді Владимир Путин.

«Үлкен Еуразия — бұл, асыра айтпағанда, үлкен өркениеттік жоба және басты идея өңірлік ұйымдар үшін тең құқылы ынтымақтастықтың ортақ кеңістігін құру болып табылады. Үлкен Еуразиялық әріптестік саяси және экономикалық архитектураны өзгертуге, әрине барлық халықтардың даму модельдерінің, мәдениеттері мен дәстүрлерінің алуан түрлілігін ескере отырып, бүкіл континентте тұрақтылық пен өркендеудің кепілі болуға тиіс», — деп толықтырды Ресей мемлекетінің басшысы. 

Беларусь Республикасының Премьер-министрі Роман Головченко Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мүше мемлекеттердің бірінің уәкілетті органы тіркеген бағалы қағаздар анықтамалығын өзара тану туралы халықаралық шартын әзірлеу қажеттігіне баса назар аударды. 

Роман Головченко сондай-ақ келісімшарттардың бағасы мен валютасын ұлттық валюталарда белгілеуді көздейтін саудадағы есептесулер кезінде ЕАЭО мемлекеттерінің ұлттық валюталарын пайдалануды кеңейту жөніндегі жұмысты жандандыруды ұсынды.

«Еуразиялық экономикалық одақ — біздің сыртқы қатерден сенімді қорғанышымыз. Бұл үлкен нарық, үлкен сұраныс, еңбек қаржы ресурстарының үлкен көлемі. Интеграцияны нығайта әрі тереңдете отырып, бірлескен күш-жігерімізбен ғана барлық аса маңызды міндеттерді шеше аламыз, дамудың жаңа мүмкіндіктерін таба аламыз және сыртқы қысымға қарсы тұра аламыз», — деп атап өтті Беларусь Республикасының Премьер-министрі.

ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович ЕАЭО елдері басшыларының назарын интеграцияны одан әрі дамыту үшін болашақта бірлескен компаниялар мен өндірістік кластерлер құрудың, сол сияқты ЕАЭО елдерінің ынтымақтастықтың басқа бағыттары бойынша да күш-жігер біріктіруінің маңыздылығына аударды.

«Форум интеграцияны нығайту жолдарын ұсына отырып, барлық үмітті ақтады, бұл күллі сын-тегеуіріндер мен қатерлерге қарамастан, ЕАЭО-ның өз игілігі өзіне жететіндігін және мүше мемлекеттердің егемен дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп түйіндеді ЕЭК Алқасының Төрағасы.

ЕЭК Хаттама және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету департаментінің Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі