Жаңалықтар

15.09.2022 (Обновлено: 26.09.2022 09:08)

Михаил Мясникович пен ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин Үлкен Еуразияның көлік-логистикалық мегажобасын іске асыруды талқылады

15 қыркүйекте Самарқандта ШЫҰ саммиті аясында Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович пен ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуді талқылады.
Михаил Мясникович ЕАЭО мен ШЫҰ-ның экономикалық байланыстары жақсарып келе жатқанын атап өтті. 

"2021 жылдың қорытындысы бойынша ЕАЭО мен ШЫҰ-ның ЕАЭО-ға кірмейтін елдері арасындағы тауар айналымы 31,9%, 2020 жылға қатысты алғанда - 198,6 млрд АҚШ долл.дейін өсті. Ағымдағы жылдың алғашқы алты айы ішінде өзара сауда тағы да үштің біріндей өсті", - деп тиянақтады ЕЭК Алқасының басшысы.

Тараптар ЕЭК пен ШЫҰ Хатшылығы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына таяудағы уақытта қол қою туралы уағдаласты. Құжат келісудің ақтық сатысында тұр және екі бірлестік әлеуетінің бұдан арғы синергиясы үшін негіз болады.

ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович Еуразиялық өңір аумағын біріктіре байланыстыруға арналған көлік-логистикалық мегажобаны бірлесіп әзірлеуді ұсынды. Бастаманы екі бірлестіктің алдағы сарапшылық консультациялары шеңберінде талқылау жоспарлануда. ЕАЭО бұл үшін кедендік транзит, көлік дәліздері мен маршруттарын цифрландыру саласындағы өзіндік атқарымдарын ұсынуға дайын.

Кездесу шеңберінде ЕЭК Алқасының Төрағасы ШЫҰ Бас хатшысына ЕАЭО-ның цифрлық көлік дәліздерінің экожүйесінің ұлттық сервистерінің жаймасөресін құру жобасы жөніндегі материалдарды берді.

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің тамыздағы отырысында ЕАЭО елдеріндегі басым инфрақұрылымдық көлік жобаларының тізбесі мақұлданды. Тізбеде ЕАЭО елдерінің іске асырудың әртүрлі сатысында тұрған барлығы жеті жобасы бар. Бұл ретте олардың бәрі «Шығыс-Батыс» және «Солтүстік-Оңтүстік», соның ішінде Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен ұштасу шеңберіндегі халықаралық көлік дәліздеріне кіретін Еуразиялық көлік дәліздері мен маршруттарын, транзиттік әлеуетті және көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

ШЫҰ саммитінде өзара байланыстылықты және тиімді экономикалық көлік дәліздерін дамыту жөніндегі стратегиялық құжатты қарау жоспарлануда. Жаңа маршруттар құру жөніндегі ұсыныстар іс жүзінде ЕАЭО-ның стратегиялық құжаттарында да айқындалған мақсаттар мен міндеттерге толық тура келеді.

Михаил Мясникович пен Чжан Мин сондай-ақ ЕАЭО мен ШЫҰ-ның бірқатар басым бағыттар бойынша, атап айтқанда ұлттық валюталардағы өзара есеп айырысу және трансшекаралық төлемдерді жүргізу, сауда мен инвестицияларды қаржыландыру, іскер топтар мен жастардың өзара іс-қимылын нығайту үшін ұлттық валюталарды пайдалану негізінде валюталық-төлем жүйелерін интеграциялау саласындағы жұмысты біріктіру қажеттігін атап көрсетті.

Бұл ЕЭК Алқасының Төрағасы мен ШЫҰ Бас хатшысының 2022 жылғы екінші кездесуі. Өткен жылы ЕЭК пен ШЫҰ Хатшылығы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. 2022 жылғы мамырда Мәскеуде ЕЭК Алқасы Төрағасының ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Минмен кездесуі болып өтті, онда тараптар ынтымақтастықты кеңейту және тереңдету жөніндегі практикалық қадамдарды талқылады. ШЫҰ Бас хатшысы сондай-ақ үстіміздегі жылы Бішкектегі І Еуразиялық экономикалық форумға және Санкт-Петербургтегі Петербург халықаралық экономикалық форумына қатысты.