Жаңалықтар

26.09.2022 (Обновлено: 14.10.2022 13:10)

2021 жылы ЕАЭО-да анықталған контрафактілік тауарлардың көлемі 33% артты және 18 млн астам бірлікті құрады.

Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақытжан Сағынтаев Бішкектегі «Антиконтрафакт-2022»X халықаралық форумында ЕАЭО-дағы контрафактілік өнімнің көлемі бойынша осындай деректер келтірді.

ЕАЭО елдерінде нарықтарды дамытудың ағымдағы үрдістеріне, соның ішінде цифрландыруға, жасанды интеллекті ендіруге, бизнесті жүргізудің цифрлық модельдерін қолдануға, электрондық сауданы дамытуға байланысты талдау тұрақты негізде жүзеге асырылады.

Үрдістерді ескере келе, Комиссия мүше мемлекеттермен бірлесіп, Интернет желісінде зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғауды қамтамасыз ету жөнінде келісім әзірлеуде. Келісім жобасы, атап айтқанда, сот тәртібінде және сотқа дейінгі тәртіпте заңсыз контентті бұғаттау механизмін енгізуді, зияткерлік меншік құқықтарын бұзушылықтың жолын кесу процесіне ақпараттық делдалдарды тартуды, сондай-ақ Одақ елдерінің ұлттық заңнамасында заңсыз контентке қол жеткізуді шектеуден бас тартқаны үшін жауапкершілікті белгілеуді көздейді.

«Интернет желісінде зияткерлік меншікті қорғау жөніндегі тәсілдемелерді қалыптастыру кезінде құқық иеленушілер, Интернет ресурстарды иеленушілер және ақпараттық делдалдар үшін кәсіпкерлік қызметте негізсіз тосқауылдар туғызбау мақсатында барлық мүдделі тұлғаның мүдделерін ескеруді негізге алу қажет», – деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.

Бұдан басқа, Комиссия ЕАЭО-да адал электрондық сауданы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау жөнінде жұмыс жүргізуде, қажетті кедендік шаралар әзірленуде, тауарларды таңбалау және қадағалап отыру механизмдері жетілдірілуде, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау және жалған өнімнің Одақтың ішкі нарығына кіруін шектеу саласында тиісті шаралар қабылдануда.

Анықтама

«Антиконтрафакт» халықаралық форумы – билік, бизнес, ғылым, құқық иеленушілер, өндірушілер, авторлар мен жұртшылық өкілдерінің сындарлы диалогына арналған ең ірі халықаралық алаң, онда контрафактілік өнімнің таралуына қарсы күрестің тиімділігін арттыру, зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің, бәрінен бұрын ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердегі өркениетті нарығын қалыптастыру жөніндегі ұсыныстар талқыланады және тұжырымдалады.

Бішкектегі форумды Еуразиялық экономикалық комиссия, Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті және «Антиконтрафакт» халықаралық қауымдастығы ұйымдастырды.

Форум Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2017 жылғы 7 наурыздағы № 3 өкіміне сәйкес жыл сайын ротациялық негізде Еуразиялық үкіметаралық кеңесте төрағалық ететін елде өткізіледі.

2023 жылы «Антиконтрафакт-2023»XІ халықаралық форумы Ресей Федерациясында өтеді.