Жаңалықтар

10.02.2022

ЕАЭО Кеден кодексіне түзетулердің бірінші пакеті 2022 жылы дайындалатын болады

Еуразиялық экономикалық одақта кедендік реттеуді жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының отырысында ЕАЭО Кеден кодексіне түзетулердің бірінші пакетіне кіретін басымдықты мәселелердің тізбесін 20 ақпанға дейін өзектілендіруге шешім қабылданды. Кеңес 9 ақпанда Одақ елдері өкілдерінің қатысуымен Еуразиялық экономикалық комиссияның штаб-пәтерінде болып өтті.

Кедендік реттеуді жетілдіру жөніндегі жүйелі жұмыс 2025-Стратегиясында көзделген және 2024 жылға қарай аяқталуға тиіс. 

ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович атап көрсеткендей, жедел жұмысты елдер үшін басымдықты маңызы бар мәселелерге шоғырландыру қажет.

«Комиссия Үкіметаралық кеңесте келісілген тәсілдемелер, жұмыстың мерзімдері мен кезеңдері туралы баяндауы үшін тараптардың уәкілетті органдарынан тізбені 20 ақпанға дейін өзектілендіруді сұраймын», — деді Михаил Мясникович.
Тұтастай алғанда тараптар 300-ден астам түзету ұсынды. ЕЭК Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Максат Мамытканов хабарлағандай, бүгінгі күнге шамамен 110 түзету келісілді, тағы да 60-қа жуығы жоғары дайындық дәрежесінде тұр.

Хаттамалардың кешенді жобаларын кезең-кезеңімен қалыптастыру кедендік реттеуді жетілдіру жөніндегі жұмысты жеделдетуге мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, жұмыс тобы ЕАЭО Кеден кодексіне сыртқы электрондық сауданы реттеу бөлігіндегі өзгерістерді мемлекетішілік келісу қорытындыларын қарады.

Өзгерістер сыртқы электрондық сауда шеңберінде сатып алынған тауарларды оны реттеудің ерекшеліктерін айқындай отырып дербес санатқа бөлуге, электрондық сауда операторы институтын енгізуге, электрондық сауданы декларациялауға, сондай-ақ кедендік («бондтық») қоймаларды пайдалана отырып, сыртқы электрондық сауда тауарларын жеке тұлғаларға сату мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Жете пысықталғаннан кейін құжат тараптардың қарауына жіберіледі.