Жаңалықтар

20.06.2022 (Обновлено: 04.07.2022 15:58)

ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович: «Іскерлік қоғамдастықты ғылыми әзірлемелерді қаржыландыруға белсендірек тарту қажет»

ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович 20 маусымда «Ғылыми-техникалық ынтымақтастық - жаңа экономикалық сын-тегеуріндер жағдайындағы ЕАЭО дамуының негізі: проблемалар мен шешу жолдары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында сөз сөйлегенде, «Перспективалық ғылыми әзірлемелер мен жобалар техникалық қайта жарақтандырудың және инновациялық дамудың түйінді элементі болуға, Еуразиялық экономикалық одақтың өз игілігі өзіне жетуінің базисін құруға және қатысушы елдердің экономикалық өсуін қамтамасыз етуге тиіс», – деп мәлімдеді. Конференцияны Еуразиялық экономикалық комиссия мен Беларусь Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырды.

Конференцияға ЕАЭО елдерінің ғылым, білім, өндірістік кәсіпорындары мен мемлекеттік ведомстволарының өкілдері қатысты. Олар жабдықтар мен технологиялар импортына тәуелділікті азайту бойынша қолданбалы міндеттердің шешімдерін талқылады, өзіндік қолданбалы ғылыми базаны дамытудың перспективалық бағыттарын айқындады.

Конференция шеңберінде мынадай төрт секция болып өтті: өндіріс пен импортты алмастыру фармацевтикалық және биологиялық өнімдер нарығында; ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ); машина жасауды және жаңа материалдарды дамыту; құрылымдық және технологиялық трансформация жағдайында ЕАЭО экономикасын дамыту. Қорытындылар ЕЭК Алқасы Төрағасының жанындағы Ғылыми-техникалық кеңес Төралқасының кеңейтілген отырысы форматында өткен жалпы отырыста жасалды.

Михаил Мясникович жалпы отырыс шеңберінде конференцияның қорытындылары бойынша қалыптастырылған ұсыныстар бірлескен бағдарламалар мен жоғары технологиялық жобаларды дайындау және іске асыру, ғылым мен технологиялар жөніндегі ақпараттың ұлттық дерекқорын қалыптастыру кезінде ескерілетін болады, сондай-ақ ЕАЭО мемлекеттері экономикасының ішкі орнықтылығын арттыру үшін жағдайлар жасау бойынша қалыптасып отырған жоғары деңгейлі жұмыс тобының жұмысында сұранысқа ие болады деп атап өтті.
«Қазір Комиссия мүше мемлекеттермен бірге Одақты ғылыми-техникалық дамытудың стратегиялық бағдарламасы мен басымдықтарын әзірлеуде. Басым бағыттар ретінде мынадай бағыттар қарастырылады: ақпараттық-коммуникациялық технологиялар; биотехнологиялар, фармакология және медицина; машина жасау технологиялары, жаңа материалдар мен отын өндірісі, ауыл шаруашылығы, өндіруші салалар. Тізбе ашық және қажет болған жағдайда толықтырылатын болады», – деді ЕЭК Алқасының басшысы.
Оның сөзінше, ЕАЭО елдері ЖІӨ-нің ғылымды қажетсіну көрсеткіштері бойынша әзірге артта қалып отыр. Мәселен, әлемдік ЖІӨ-де ҒЗТКЖ-ға арналған шығыстар 4%-ға жақындай түсіп, тұрақты өсуде. ЕАЭО елдерінде бұл шамамен 1%.

Сондықтан перспективалы ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерді қаржыландырудың тиімді механизмдерін ендіру мәселесі өзекті болып табылады. Михаил Мясникович ЕАЭО-да тиісті институционалдық инфрақұрылым жоқ екенін, оны құру үшін Еуразиялық үкіметаралық кеңес шешімінің тиісті жобасын әзірлеу жоспарланғанын атап өтті.

Сондай-ақ ғылыми-зерттеу мекемелері мен өндірістік алаңдар арасындағы байланысуды жолға қоюға да ерекше назар аудару керек, деп санайды ЕЭК Алқасының Төрағасы.
Осыған байланысты ол Комиссия алаңында ЕЭК Алқасы Төрағасының жанындағы Ғылыми-техникалық кеңестің және ЕЭК-тің Өзара іс-қимыл жөніндегі консультативтік комитетінің және ЕАЭО Іскерлік кеңесінің бірлескен отырысын ұйымдастыруды ұсынды.

Беларусь ҰҒА Төралқасының төрағасы Владимир Гусаков жалпы отырыста бүгінгі күн тәртібіндегі өте өзекті мәселе: Одақ мемлекеттерінің ғылыми-техникалық даму басымдықтары екенін атап өтті. «Шын мәнінде, бұл ғылыми-инновациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және біздің елдеріміздің әрқайсысының технологиялық егемендігін және тұтастай интеграциялық бірлестікті нығайту жөніндегі нақты бағыттар мен шараларды айқындау туралы мәселе», – деп атап көрсетті Владимир Гусаков.

Ол теңгерімделген мемлекеттік дамуға қол жеткізу үшін әрбір елдің нақты ғылыми-техникалық құзыретіне сүйене отырып, Одақ мемлекеттерінің әлеуетін біріктіруді қамтамасыз етуді ұсынды.

Машина жасауға және жаңа материалдарға арналған сессияны қорытындылай келе, ЕЭК-тің Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян пікірсайысқа қатысушылар ЕАЭО елдерінде импортты алмастыруды дамытуға ерекше назар аудару қажеттігіне келіскенін атап өтті.

Осыған байланысты, Артак Камалянның сөзінше, Комиссия мүше мемлекеттермен бірлесіп кооперациялық жобаларды қаржыландыру мәселесін шешіп, бірлескен ақпараттық-талдау жұмысын жалғастыруы қажет.
«Біздің Одақта кооперация мен импортты алмастыруды одан әрі тереңдетуге келетін болсақ, мұндай жұмыс бағыттары ЕАЭО-ның Индустрияландыру картасында қамтылған. Бұл ақпараттық ресурста жалпы сомасы $195 млрд құрайтын 200-ге жуық ірі іске асырылатын және жоспарланатын инвестициялық және кооперациялық жоба туралы мәліметтер жинақталған. Сөз әуе және кеме жасау, автомобиль және жеңіл өнеркәсіп, фарминдустрия, металлургия, құрылыс материалдары өнеркәсібі, құрылыс-жол, арнайы және коммуналдық техника өндірісі және басқа да салалар туралы болып отыр. Индустрияландыру картасы үнемі жаңарып отырады, - деді Артак Камалян.
Интеграция және макроэкономика жөніндегі министр Сергей Глазьев өз кезегінде ЕАЭО-ны ғылыми-техникалық дамытудың стратегиялық бағдарламасын әзірлеудің маңыздылығы туралы мәлімдеді. Дамудың жалпы басымдықтарын тұжырымдау оның нәтижесі болуға тиіс. «Біз экономиканың жаңа технологиялық құрылымының өзегі болатын серпілісті технологияларға сүйенуіміз керек», – деді Сергей Глазьев. Оның сөзінше, жұмыс үшін жобаларды сарапшылардың 2000 адамға дейінгі үлкен тобы іріктейді.
  ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі министрі Виктор Назаренко ЕАЭО-дағы техникалық реттеуді біріздендіру дәрежесі туралы әңгімеледі. «Одақ нарығында айналымдағы өнімнің 88%-ы жалпы техникалық реттеумен қамтылған. Стандарттарды, мысалы, электротехниканы халықаралық талаптарға үндестіру деңгейі қазіргі уақытта 80%-дан асады. Бұл ретте бәсекеге қабілеттілік пен экспорттық әлеуетті арттырудың маңызды қыры Одақ регламенттерінің ғылыми-техникалық деңгейін мерзімді бағалап отыру болып табылады», – деп санайды Виктор Назаренко.
Жалпы отырыс шеңберінде Михаил Мясникович Беларусь Ұлттық ғылым академиясының бірқатар мүшелеріне Еуразиялық интеграцияны дамытуға қосқан үлесі үшін Құрмет грамоталарын тапсырды. Владимир Гусаков өз кезегінде Сергей Глазьевті Беларусь Ұлттық ғылым академиясының «Отандық ғылымға сіңірген еңбегі үшін» үлкен медалімен марапаттады және жақында Беларусь ҰҒА-ның шетелдік мүшесі болып сайлануымен құттықтады.