Жаңалықтар

14.09.2021 (Обновлено: 12.01.2022 17:18)

ЕАЭО-дағы азық-түлік қауіпсіздігі ортақ қағидаттар мен тәсілдемелер негізінде қамтамасыз етілетін болады

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі 14 қыркүйекте Еуразиялық экономикалық одақтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ортақ қағидаттар мен тәсілдемелерді бекітті.

«Одақтағы азық-түлік қауіпсіздігінің ортақ қағидаттары мен тәсілдемелерін бекіту – азық-түлік нарығын тұрақтандырудың шынайы механизмдерін қалыптастыру, кепілді өзара жеткізілімдерді қамтамасыз ету, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ аграрлық нарығында бар тосқауылдар мен шектеулерді жою жөніндегі маңызды қадам»,- деп атап өтті ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян.

Қабылданған құжат мүше мемлекеттердің ЕАЭО-дағы азық-түлік қауіпсіздігін өзіне меншікті ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік өндірісі, өзара сауданың әлеуетін іске асыру, агроөнеркәсіптік кешен үшін үшінші елдерден материалдық-техникалық ресурстар импортына тәуелділікті азайту есебінен қамтамасыз ету ниетін бекітті.

Бұл үшін Одақ елдері өндірістің тиімділігін арттыруды, ауыл шаруашылығын, селекция мен тұқым шаруашылығын, асыл тұқымды мал шаруашылығын мемлекеттік қолдау саласында ынтымақтастықты дамытуды мақсат тұтады.

Бұдан басқа, ЕАЭО мемлекеттері пайда болатын тәуекелдерге ден қою шеңберінде форс-мажорлық жағдаят туындаған кезде өзара жедел жеткізілімдер мәселелері бойынша өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.

«Бестік» елдері тамақ және өңдеуші өнеркәсіпте қолданылатын қазіргі заманғы технологияларды әзірлеуге, агроөнеркәсіптік кешендегі инновациялық жетістіктер саласында тәжірибе және таңдаулы праткикалармен алмасуға жекелеп назар тоғыстырады.

Бұл ретте Комиссия ЕАЭО-ның интеграцияланған ақпараттық жүйесінде нәтижелерді көрсете отырып, келісілген көрсеткіштер бойынша Одақ мемлекеттерінің ауыл шаруашылығы өнімімен және азық-түлікпен камтамасыз етілуінің жыл сайынғы мониторингін жүзеге асырады.

Еуразиялық «бестік» елдерінің құжат ережелерін бірлесіп іске асыруы өзін-өзі қамтамасыз етуінің деңгейін арттырып қана қоймай, сонымен бірге, ЕАЭО-да азық-түлік тапшылығының пайда болу тәуекелін барынша азайтуға, сондай-ақ азық-түлікпен қамтамасыз ету кезінде келісілген іс-қимылдар қабылдауға да мүмкіндік береді.