Жаңалықтар

22.11.2023

Сергей Глазьев: "ЕАЭО мен АСЕАН-ның диалогы Еуразиядағы экономикалық байланыстылықты жақсартады"

АСЕАН-дағы ЕАЭО күндері 21 қарашада "ЕАЭО мен АСЕАН-ның экономикалық күн тәртібі: мүдделер тоғысы" дөңгелек үстелімен жалғасты. Іс-шараға қатысушылар екі интеграциялық бірлестіктің күн тәртібінің және даму перспективасының ортақтығын тиянақтап көрсетті.

Еуразиялық экономикалық комиссияның Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев ЕАЭО мен АСЕАН-ның өзара құрметтеуді, мемлекеттердің егемендігін тануды, бәтуаластық негізінде шешімдер қабылдауды, халықаралық құқық нормаларын сақтауды, қарым-қатынастардағы сенім мен ашықтықты қамтамасыз ететін интеграциялық процестерді дамытудағы мүдделері, құндылықтары мен қағидаттары жақын екенін атап өтті.

"ЕАЭО да, АСЕАН да ағымдағы геоэкономикалық жағдайлардағы стратегиялық жоспарлаудың сол бірдей мақсаты мен көкжиегін көріп отыр. ЕАЭО мен АСЕАН-ның іс жүзінде сәйкес келетін экономикалық күн тәртібі, сондай-ақ Еуразиядағы интеграциялық процестердің қадамдас дамуы іскер топтардың мүдделері мен сұраныстарына сай келеді", – деп мәлімдеді Сергей Глазьев.

Ол сондай-ақ ЕАЭО-да жоспарланып отырған бірыңғай энергетикалық нарықты іске қосу мұнай мен табиғи газды импорттайтын АСЕАН елдеріне әлеуетті қызықты екенін, ал АСЕАН елдері дәрі өндірушілерінің ЕАЭО-ның сыйымдылығы 10 млрд АҚШ долларын құрайтын бірыңғай фармацевтикалық нарығында жұмыс істеуге мүмкіндігі бар екенін атап көрсетті. Ынтымақтастықтың басқа да перспективалы салаларының ішінен ол ЕАЭО-да құрылып жатқан технологиялық платформаларды, сондай-ақ тамақ өнімдерін өндіру мен ақпараттық-коммуникациялық технологияларды атап өтті.

АСЕАН Хатшылығының өкілі Александр Чандра АСЕАН мен ЕАЭО-дағы экономикалық өсімнің оң серпіні олардың сауда-экономикалық өзара іс-қимылынан жоғары үміт күтуге себепші болатынын атап өтті. Оның пікірінше, ынтымақтастықтың перспективалы бағыты орнықты даму саласы болып табылады. Ол АСЕАН-да орнықты даму жөнінде келісім жасасу бойынша консультациялар аяқталуға жақындап қалғанынан хабардар етті. Бәрі ойдағыдай болған жағдайда, АСЕАН бұған қол жеткізген алғашқы интеграциялық бірлестік болады. 

Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары Алексей Оверчуктың Хатшылығы басшысының орынбасары Фёдор Черницынәлемдік экономикалық белсенділіктің жаһандық орталықтарының Еуразияға ойысу фактісін атап өтті. Осы орайда, ЕАЭО 2045 жылға қарай халықтың әл-ауқатының жоғары деңгейімен экономикалық, технологиялық және зияткерлік көшбасшылыққа қол жеткізген, көп орталықты әлемнің өз игілігі өзіне жететін, қауіпсіз, үндесімді дамыған және тартымды макроөңіріне айналуды мақсат етіп отыр. Мұндай міндет қою екі интеграциялық бірлестіктің – ЕАЭО мен АСЕАН-ның үлкен аумағын, халқын, экономикалық әлеуетін және тығыз көлік желілерін ескере келгенде, ЕАЭО мен АСЕАН арасындағы экономикалық ынтымақтастық пен өркениетті байланыстылық үшін жаңа перспективаларға себепші болады. Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын іске асырудың ықтимал механизмдері ЕАЭО мен АСЕАН арасында еркін сауданың жаһандық аймағын құру, сондай-ақ технологиялық әріптестік болуы мүмкін.

Генерал Ахмад Яни университетінің (Индонезия) профессоры Конни Раакундини БакриЕАЭО мен АСЕАН арасындағы салыстырмалы географиялық қашықтық және логистикадағы қиындықтар сияқты проблемаларды Қытай мен Моңғолияны ынтымақтастыққа тарту, инфрақұрылымға инвестицияларды ұлғайту, жаңа көлік дәліздерін құру, реттеушіліктің ұлтүсті нормаларын біріздендіру, мәдени алмасуды жандандыру және екі интеграциялық бірлестіктің халқы арасындағы аралас-құраластық арқылы шешуге болады деп бағамдайды. 

Халықаралық ислам университетінің (Индонезия) докторы Фаджар Хираван ЕАЭО-мен ынтымақтастық АСЕАН алдында тұрған бірқатар маңызды міндетті шешуге оң үлес қоса алатынын атап өтті. Олардың қатарында – қайта индустрияландыру, цифрландыру, тармақталған көлік желісін құру, энергия ауысудың жаңа кезеңіне қол жеткізу, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бар.

Дөңгелек үстел жұмысына қатысқан басқа сарапшылар ЕАЭО мен АСЕАН-ның өзара іс-қимылын жоғары технологияларға инвестициялар, цифрлық трансформация, өзара іс-қимылдың гуманитарлық аспектілері, экология, корпоративтік басқару, БҰҰ Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және т.б. сияқты түрлі салада дамытудың маңыздылығын атап өтті. Ресей СІМ ММХҚИ жанындағы АСЕАН орталығының директоры Екатерина Колдунова атап өткендей, жаңа салалар ЕАЭО мен АСЕАН-ның өзара іс-қимылы күн тәртібінің нысанасына айналуы мүмкін. Ол үшін ЕАЭО мен АСЕАН-дағы интеграция тәжірибесін зерделейтін зерттеу бағдарламасын құру қажет. 

АСЕАН-дағы ЕАЭО күндеріндегі дөңгелек үстелде және басқа да іс-шаралар барысында айтылған идеялар мен ұсыныстар кейіннен ЕЭК пен АСЕАН арасындағы экономикалық ынтымақтастық саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумды және екі интеграциялық бірлестіктің 2025 жылға дейінгі бірлескен ынтымақтастық бағдарламасын іске асыру шеңберінде қабылданатын практикалық қадамдардың негізіне алынуы мүмкін.

"ЕАЭО пен АСЕАН-ның экономикалық күн тәртібі: мүдделер тоғысы" дөңгелек үстелін ЕЭК Ресей СІМ ММХҚИ жанындағы АСЕАН орталығымен бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шара модераторы орталықтың срапшысы Никита Куклин болды.

Іс-шараның видеосы ЕЭК-тің Youtube-каналында қолжетімді.