Жаңалықтар

06.12.2023

Сергей Глазьев: "Еуразия мен Африка әлемдік экономикалық белсенділіктің жаңа орталықтары болады"

Еуразиялық экономикалық комиссияның Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев 5 желтоқсанда Каирде ресейлік компаниялардың көп салалы бизнес-миссиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Еуразиялық экономикалық одақтың Мысырмен және Африканың басқа да елдерімен ынтымақтастығын дамыту кезіндегі ықтимал басымдықтар арасынан сауданы қарқынды етуді, жаңа логистикалық маршруттарды іздеуді және ұлттық, соның ішінде цифрлық валюталар негізінде халықаралық есептеулердің жаңа жүйесін дамытуды белгілеп көрсетті. Бизнес-миссияны Ресей экспорт орталығы ұйымдастырды.

Сергей Глазьев ЕАЭО-ның Африка өңірімен тауар айналымы ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында ғана 34%, ал ЕАЭО елдерінің Африка өңіріне экспорты 40% ұлғайғанына назар аудара отырып, "ЕАЭО елдері мен Африканың сауда-экономикалық ынтымақтастығының әлеуеті орасан зор, оны бұдан әрі дамыту үшін қажетті барлық алғышарт бар", – деп мәлімдеді.

"Африка нарығы ЕАЭО мемлекеттерінде өндірілетін минералдық өнімдерге, азық-түлікке, химия өнеркәсібі тауарларына, металдарға, машиналар мен жабдықтарға жақсы сұраныс тудырады. Сонымен бірге Африка елдерінен ЕАЭО-ға ауыл шаруашылығы шикізаты, көкөністер, жемістер, химиялық өнімдер, тоқыма және киім әкелінеді", – деді Сергей Глазьев сауда-экономикалық ынтымақтастықты қолдаудың жаңа құралдарын іздеудің маңыздылығын атап көрсете келіп.

Бизнес-миссияның жалпы бөлігі барысында Ресей мен Мысырдың кәсіпкерлері, сондай-ақ ЕЭК өкілдері Мысырға экспортты ұлғайта түсу және оны тежейтін факторлар, экспортты қолдаудың қаржылық және қаржылық емес механизмдері, сатып алу қызметінің ерекшеліктері мен практикасы, үшінші елдердің ЕАЭО-ның кейбір мемлекеттеріне қатысты.шектеу шараларын қолдану жағдайындағы логистикалық мәселелер мен трансшекаралық есептеулер бойынша ықтимал шешімдер сияқты мәселелерді талқылады.

Пікірсайысқа қатысушылар ЕАЭО мен Мысыр арасындағы еркін сауда туралы келісімді іске қосуға, сондай-ақ АӨК, машина жасау, ғылымды қажетсінетін технологиялар, көлік, энергетика салаларындағы, соның ішінде жаңғыртылатын ресурстарды пайдалана келгендегі ынтымақтастыққа баса назар аудара отырып, ЕАЭО-ның Африканың субөңірлік интеграциялық бірлестіктерімен өзара іс-қимылын дамытуға деген практикалық қызығушылықты атап өтті.

Ресей Федерациясының Мысырдағы Сауда өкілі Алексей Теванян да сауда-экономикалық ынтымақтастық көлемін ұлғайту үшін Ресейдің өнеркәсіптік аймағының Мысырдағы Суэц каналының экономикалық аймағында ойдағыдай жұмыс істеуі маңызды екенін атап өтті, онда Одақтың басқа елдері компанияларының да резидент мәртебесін алып, осы аймақта өндірілген өз өнімдерін бүкіл Африка нарығына шығару мүмкіндігі бар. Бұдан басқа, банкаралық ынтымақтастықты кеңейту және ұлттық валютада есеп айырысуды іске қосу саудаға оң әсер етеді.

Мысыр өнеркәсібі федерациясының (FEI) әріптестермен жұмыс және халықаралық қатынастарды дамыту жөніндегі директоры Шаима Баха Эль Дин бизнесті сараптау және интернационалдандыру саласындағы таңдаулы тәжірибелерді атап өтіп, Мысыр мен Ресей компаниялары арасындағы кооперациялық байланыстарды дамыту перспективаларын ашып көрсетті.

Мысырдың іскер топтарының өкілдері Ресей Федерациясымен де, ЕАЭО-ның басқа елдерімен де ынтымақтастықтың түрлі салаларында кооперацияны дамытуға зор қызығушылық көрсетті.

2024 жылы Комиссияның көп салалы бизнес-миссияға қатысуын жалғастыру жоспарланып отыр. ЕЭК РЭО-мен, ЕАЭО Іскерлік кеңесімен, РӨКО-мен және Одаққа мүше мемлекеттердің іскер топтарымен бірлесіп, тиісті дайындық жұмысын жүргізуде.

Анықтама

Іс-шараны Ресей Федерациясының Мысырдағы Сауда өкілдігінің жәрдемімен Ресей экспорт орталығы ұйымдастырды. Бизнес – миссия жұмысына ресейлік және мысырлық 50-ден астам компания қатысты.