«Мұнай-газ кешеніне арналған жабдықтар мен технологиялар» (Мұнай-газ – 2024) халықаралық көрмесінің жұмысы аясында 16 сәуірде Еуразиялық мұнай-газ форумы өтті, онда Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіптік саясат департаменті Ресей өнеркәсіпшілер және кәсіпкерлер одағымен бірлесіп «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердегі мұнай-газ машина жасау саласы кәсіпорындарының кооперациялық ынтымақтастығы» атты дөңгелек үстел өткізді.
Дөңгелек үстелге спикерлер ретінде Ресей Федерациясының Сауда-Өнеркәсіп палатасының, Мұнай-газ технологиялық бастамалары институтының, Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Қаржы университетінің және ЕАЭО елдерінің салалық бизнес-қоғамдастығының өкілдері қатысты.
ЕЭК Өнеркәсіптік саясат департаменті директорының орынбасары Георгий Арзуманян Комиссияның кооперациялық ынтымақтастықты ілгерілетуге бағытталған құралдары туралы, оның ішінде ЕАЭО-дағы өнеркәсіптік кооперация жобаларын қаржыландырудың жаңа құралы туралы айтып берді.
РФ Сауда-өнеркәсіп палатасының Вице-президенті Дмитрий Курочкин РФ СӨП-нің Одақтағы өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға қатысқаны туралы хабарлады, Армения Республикасы Экономика министрлігінің өкілі Армения кәсіпорындарының мұнай-газ машина жасаудағы өндірістік және технологиялық әлеуеті туралы айтты. ЕАЭО елдерінің салалық бизнес-қоғамдастығының өкілдері саланың ағымдағы жай-күйі және оның қажеттіліктері мәселелерін қозғады.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар Комиссияның құралдарын пайдалана отырып, ЕАЭО аясында мұнай-газ машина жасау саласы кәсіпорындарының ынтымақтастығын жандандыруға келісті.
Анықтама
«Мұнай-газ» көрмесін «Экспоцентр» АҚ РФ Энергетика министрлігінің, РФ Өнеркәсіп және сауда министрлігінің қолдауымен және РФ Сауда-Өнеркәсіп палатасының көмегімен ұйымдастырады.
Көрме әлемдегі ең ірі мұнай-газ байқауларының ондығына кіреді, әртүрлі елдердің өндірушілері мен жеткізушілеріне, мамандарға өздерінің жаңа мұнай-газ және мұнай өңдеу жабдықтары мен технологияларын көрсетуге, іскерлік байланыстарды орнатуға және кеңейтуге, сала алдында тұрған мәселелердің кең ауқымын талқылауға мүмкіндік береді.
2016 жылдан бастап көрме жыл сайын мұнай-газ форумымен бірге өткізіліп келеді.