Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі 14 мамырда өткен отырыста Еуразиялық экономикалық одақтың «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне өзгертулер енгізді.
Түзетулер енгізу қажеттілігі оны қолдану барысында анықталды. Техрегламент жаңа терминдермен (мысалы, «хош иістендірілген ойыншық», «жұмсақ ойыншық», «сылдырмақ», «дәм тату дағдыларын дамытуға арналған жиынтық (дәмдік жиынтық)» және басқалар) және ойыншықтардың жаңа түрлеріне қойылатын талаптармен (мысалы, иіс сезуді дамытуға арналған үстел ойындары, дәмдік жиынтықтар және басқалар) толықтырылған.
«Ойыншықтар өндірісі бір орында тұрып қалған жоқ. Нарықта ойыншықтардың түрлері үнемі кеңейіп келеді, ойыншықтардың жаңа түрлері пайда болады. Енгізілетін өзгертулер мұндай өнімдерге қойылатын талаптарды белгілейді, бұл жалпы ойыншықтардың қауіпсіздік деңгейін арттырады. Сонымен қатар техрегламенттің қолданыстағы редакциясын қолдану барысында анықталған жекелеген ережелерді нақтылау кәсіпкерлерге ойыншықтарға қойылатын қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ЕЭК техникалық реттеу министрі Валентин Татарицкий.
Техрегламентке енгізілген өзгертулердің күшіне енуі Кеңестің өзгертулер енгізу туралы шешімі ресми жарияланған күннен бастап алты айдан кейін көзделген.