Жаңалықтар

16.02.2023

ЕАЭО елдеріне еңбек көші-қоны саласында әкімшілік рәсімдердің ашықтық және қарапайымдылық қағидатын ұстану ұсынылды

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы 14 ақпандағы отырысында Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне ЕАЭО шеңберіндегі еңбек көші-қонын реттеу жөніндегі тәсілдемелерді жетілдіруді ұсынды.

Мүше мемлекеттерге, атап айтқанда, Одақ елдері еңбекшілерінің еңбек қызметін жүзеге асыруына байланысты әкімшілік рәсімдердің ашықтық және қарапайымдылық қағидатын ұстану ұсынылды. Бұл олардың жайлылық деңгейін арттыруға ықпал ететіні және ЕАЭО-ның негізгі міндеттерінің бірі - еңбек ресурстарының бірыңғай нарығын қалыптастыруды тиімді шешуге көмектесетіні атап өтілді.

Жұмыскерлермен еңбек немесе азаматтық-құқықтық шартты электрондық түрде жасасуға жәрдемдесу ұсынылады. Бұл еңбек қатынастарының қашықтатылған нысандарын заңнамалық өріске көшіруге мүмкіндік береді, ол өз кезегінде, бір жағынан, еңбекшілердің Одақ туралы шартта көзделген құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін толық шамасында іске асыруға, екінші жағынан - салық әкімшілігін жүргізу мен статистикалық есепке алу тиімділігін арттыруға ықпал ететін болады.

Сондай-ақ, ЕАЭО елдеріне мүше мемлекеттердің еңбекшілеріне және олардың отбасы мүшелеріне жұмысқа орналасу елінде ұзақ мерзімді болу құқығын беретін мәртебе беру ұсынылды. Осы уақытқа дейін бірқатар мүше мемлекетте бір жылдан астам мерзімге еңбек шарттарын жасасқан жұмыскерлердің мұндай шарттардың қолданылу мерзімінің барлық кезеңінде көші-қон есебіне тұру мүмкіндігі болмады.

Бұдан басқа, одақтық елдердің еңбекшілері мен олардың отбасы мүшелерінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуін қамтамасыз ету ұсынылады. Бұл мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің ресми порталдарын пайдаланудағы белгілі бір шектеулерге байланысты. Мысалы, оларға ұлттық құжаттар бойынша порталдарда тіркелу қиын немесе тіпті мүмкін емес.

ЕЭК Алқасы қабылдаған құжатты іске асыру көбінесе жағдаятты жақсы жағына қарай өзгертеді және Одақ елдеріне еңбек көші-қон ағындарын бірлесіп тиімді реттеуге мүмкіндік береді.

ЕЭК Протокол және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету департаментінің Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі