25-26 тамызда Чолпон-Атада (Қырғыз Республикасы) болып өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында ЕАЭО елдерінің көлік және логистика саласындағы бірлескен жұмысы қаралды. Талқылау қорытындысы бойынша ЕАЭО елдеріндегі басымдықты инфрақұрылымдық көлік жобаларының тізбесі мақұлданды.
Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошев қабылданған құжаттың үлкен интеграциялық әлеуеті бар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда Одақ елдерін үйлестіруді қамтамасыз ету үшін базалық қызмет атқаратынын атап өтті.
Тізбеге Одақтың барлық елінің жобалары кірді. Мысалы, Армениядан «Солтүстік – Оңтүстік» жол дәлізінің бағдарламасы (4-ші кезегі) және М-1/Е 30 Брест (Козловичи) – Минск – Беларусьтен Ресей Федерациясының шекарасы (Редьки) автомобиль жолын қайта құру. Қазақстаннан тізбеде – «Еуропа -Батыс Қытай» халықаралық көлік маршрутына жататын М-32 автомобиль жолының қазақстандық учаскелерін қайта жаңарту. Қырғызстаннан тізімде «Луговая – Балыкчи» теміржол учаскесін электрлендіру бар. Ресей Федерациясының құжатында «Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік маршрутына жататын автомобиль жолдарының ресейлік учаскелерін салу және жаңғырту көрсетілген.
ЕАЭО елдерінің тізбесінде іске асырудың әртүрлі сатысындағы барлығы 7 жоба бар. Бұл ретте олардың барлығы «Шығыс – Батыс» және «Солтүстік – Оңтүстік» бағыттарындағы халықаралық көлік дәліздеріне кіретін Еуразиялық көлік дәліздері мен маршруттарын, транзиттік әлеует пен көлік инфрақұрылымын дамытуға, соның ішінде Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен ұштасу шеңберінде дамытуға бағытталған.